Жұманғарин Алтай Айнабектің жаңбыр жауғыза алатынына сенбейді

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Жаңбыр адам» атанып кеткен Алтай Айнабектің қолдан жаңбыр жауғыза алатынына сенбейді. Бұл туралы министр Сенат кулуарында айтты.
БАҚ өкілі Алтай Айнабектің жаңбыр жауғыза алатын құрылғыларын Өзбекстан билігінің жоғары бағалап, қолдау көрсетіп жатқанын айтты. Осы орайда өнертапқыштың «ғажайып құрылығысы» не себепті елде қолдау таппағанын сұрады.
«Алтай Айнабек қазір Өзбекстанда қолдан жаңбыр жауғызып жатыр. Біздің үкіметтен неге оған қолдау көрсетілмеді?» – деді журналист.
Министр қолдан жаңбыр жауғызуға сенбейтінін, тіпті Маңғыстау облысында бір жылдары сондай оқиға болып, соңы қылмыстық істің ашылуымен аяқталғанын ескертті.
«Мен мұндайды бірінші рет естіп тұрмын. Бұған қатысты ештеңе айта алмаймын. Жаңбыр шығаратын аппарат дегеніңіз, ерекше құрылғы боп тұр ғой. Осыған орай, бір жағдай есіме түсіп кетті. Депутаттар Маңғыстауда жиналып, жаңбыр шақыратын аппарат сатып алған. Білуімше, артынша құзырлы органдар қылмыстық іс қозғаған. Сондықтан мен мұндай нәрсеге сенбеймін. Оны дұрыстап тексеру керек», – деді Жұманғарин.
Айта кетейік, Алтай Айнабектің қолдан жаңбыр жауғызатынына Экология министрі Ерлан Нысанбаев та сенбейді. Айтуынша, бұл адамның жаңбыр жауғызу тәжірибесіне сенім аз. Сондай-ақ нақты дәлелі жоқ.
Алтай Айнабек тек жаңбыр жауғызып қана қоймай, ауа тазартумен де айналысады. 2024 жылдың желтоқсанынанда Айнабек Алматы ауасын өзінің ионзизатторлары арқылы тазартқанын мәлімдеді.