
Құстармен соқтығысуға байланысты SCAT әуе компаниясы бірқатар рейстерін ауыстырды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бірқатар қалаларда әуе компаниясының әуе кемелері құстармен соқтығысып зақымдалған.
«Мұндай жағдайлар форс-мажорлық мән-жайлар санатына жатады және тасымалдаушы тарапынан бақылауға келмейді. Соған қарамастан, компания рейстер кестесін қысқа мерзімде тұрақтандыру үшін бар күшін салды. Жедел түрде резервтік әуе кемелері жіберілді, сондай-ақ жоспардан тыс техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізілуде», – деп хабарлайды компания.
Қандай бағыттағы рейстер ауысты?
Форс-мажорлық жағдайға байланысты Анталья – Астана және Ақтөбе – Анталья бағыттарындағы рейстер ауысқан. Антальядан ұшуы керек болған жолаушыларға резервтік әуе кемесі жіберілген. Әуе кемесін күту кезінде жолаушыларға қонақүйлерде тұру мерзімі ұзартылған. Ұшу уақыты 2025 жылғы 23 маусымға жоспарланған.
Ал Ақтөбеде ұшуды күтіп отырған жолаушыларға ыстық тағам және сусындар ұсынылған.
Бұдан басқа әуе кемелерінің аталмыш рейстер бойынша қайта бөлінуіне байланысты 2025 жылғы 23 маусымда мына бағыттар бойынша рейстер кешігуі мүмкін:
- Алматы – Шарм-эль-Шейх
- Алматы – Анталья
- Анталья – Алматы
Бұдан бөлек, халықаралық жағдайға және жекелеген әуе кеңістіктеріндегі уақытша шектеулерге байланысты 2025 жылғы 23 маусымға жоспарланған Астана – Доха рейсі тоқтаған.
Еске сала кетсек, Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты осы бағыттарда ұшатын рейстер тоқтатылған. Атап айтқанда, Wizz Air Abu Dhabi авиакомпаниясы Астана – Абу-Даби арасындағы рейстер мен Air Astana компаниясының Атырау-Дубай бағыты бойынша әуе кемелері ұшпайтын болды.
14 маусымда Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты Азаматтық авиация комитеті Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігіне және оларға іргелес аймақтарға ұшуға толық тыйым салу туралы шешім қабылдады.