
Енді ауыл инспекторлары мен үздік курсанттардың шені тез өседі. Бұл туралы Қасым-Жосарт Тоқаев Полиция күніне орай ұйымдастырылған жиында айтты.
Президент аталмыш салада кадрлық әлеуетті күшейтуді тапсыра келе, ауылдағы инспекторлардың әлеуетін нығайтуды ұсынды.
«Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі олар іс жүзінде мемлекет мен қоғам арасындағы басты дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерде анық байқалады. Өйткені жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті, әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция. Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет», – деді президент.
Осыған орай презиент ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайтуды тапсырды. Бұл мәселені шешуді өңір әкімдеріне жүктеді.
Сонымен бірге Тоқаев жоғары әскери оқу орындарын аяқтайтынтүздік курсанттардың да шенін көтеру туралы ұсыныс жасады. Оқуды үздік аяқтаған мамандарға кез-келген бос жұмыс орнынан таңдау жасауға мүмкіндік беру мәселесін де көтерді. Осы тапсырмаларын жүзеге асыру үшін, президент тиісті заңға өзгерту енгізуді тапсырды.
«Ведомстволық жоғары оқу орындары курсанттарына жағдай жасап, ынталандыру маңызды. Олар – біздің күштік құрылымдардың болашағы. Оқуда үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген академия түлектеріне бірден «аға лейтенант» шенін беру қажет деп санаймын. Сондай-ақ оларға бос жұмыс орындарынан өзі қалаған қызмет түрін таңдауына мүмкіндік берілуі керек. Үкімет заңға енгізілетін өзгерістерді әзірлесін», – деді Тоқаев.
Айта кетсек, жиында президент саладағы реформалар мен құзырлы органның нәтижелі жұмысы барысында 2019 жылдан бері қылмыс көлемі екі есе азайғанын айтты.