
Қазақстанда 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны екі есе азайған. Бұл туралы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Бірінші кезекте президент полиция мен мемлекеттік қызметкерлерін бүгін, 23 маусымда аталып өтіп жатқан Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтады.
«Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан, алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын. Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер», – деді ол.
Сала қызметкерлерінің әсіресе, қазіргі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңдегі рөлі ерекше екенін, осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет екенін айтты.
«Елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор. Қазір осы жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар қатысып отыр. Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. Сол себепті, бүгінгі басқосуға академиялардың курсанттары да арнайы шақырылды», – деп атап өтті президент.
Сонымен бірге президент жиынға шетелдік полиция атташелері арнайы шақыырылғанын, бұл трансұлттық қылмыстық топтармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін қажет екенін айтты. Бұл орайда елде бірқатар реформалар жүргізіліп, елдің саяси жүйесі жаңғырып жатқаны да айтылды.
«Соңғы жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатыр. Мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құрылымы түбегейлі жаңғыруда. Ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді. Азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастады. Бұл – біздің стратегиялық бағдарымызға тән аса маңызды басымдық. Мемлекет құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді. Осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік», – деді Тоқаев.
Реформалар нәтижесінде, 2019 жылдан бері елде қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайған.
«Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз», – деді президент.