Аян Ғалиевтің ерлігі туралы кітап жарық көрмек

Аян Ғалиевтің өмірі мен ерлігі туралы кітап шығару қолға алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әңгіме 2016 жылғы 18 шілдеде Алматы қаласындағы террорлық акт кезінде лаңкестің жолын бөгеп, өз өмірін қиған полиция старшинасы Аян Ғалиев туралы болып отыр.
«Eрлігі мәңгі сақталады»
«Оның өмірі мен ерлігі туралы кітап шығаруға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бастама батырлық рухты дәріптеу және болашақ ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін арттыруға бағытталған», – делінген ІІМ баспасөз қызметінің «Курсивке» берген жауабында.
Министрліктің хабарлауынша, Аян Ғалиевтің ерлігі халық жадында мәңгі сақталып, келешек ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Батырдың отбасына қандай көмек көрсетілді?
Сонымен қатар, министрлік өкілдері оның отбасына ұдайы қолдау көрсетіп жатқанын айтты. Оның отбасына Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен 3 бөлмелі пәтер берілген.
«2024 жылы қызы Амина Аянқызына жоғары оқу орнына қабылдануда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тарапынан қолдау көрсетілді», – делінген хабарламада.
Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері марқұмның отбасына ұдайы қолдау көрсетіп келеді.
Ерлік қалай дәріптеліп жатыр?
Аян Ғалиевтің ерлігін мәңгі есте қалдыру мақсатында Алматы қаласындағы №87 жалпы білім беретін мектепте арнайы «Жас Сақшы» кадет сыныбы ашылған. Сынып батырдың есімімен аталады. «Ерлігіне мың тағзым, батыр Аян!» деген жазуы бар естелік бұрышы орнатылған.
Қазақстан полициясы күніне орай Астана қаласы А. Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінде Аян Ғалиевтің құрметіне «Ерлік бұрышы» ашылыпты.
Сондай-ақ, Аян Ғалиевке арналған «Ерлік бұрышы» Алматы, Ақмола, Маңғыстау облыстары мен Жезқазған қаласындағы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы ғимараттарында да жасақталған.
Әріптестерінің құрметі
Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы ғимаратында арнайы музейлік бұрыш ұйымдастырылып, онда Аян Ғалиевтің жеке заттары, марапаттары, спорттық кубоктары, формалық киімі және қызметтік куәлігі қойылған.
«Жас Сақшы» сыныбында жүйелі түрде патриоттық тәрбие сағаттары, батырлық пен отансүйгіштікке баулитын іс-шаралар өткізіледі. Аян Ғалиевтің ерлігі жас ұрпаққа үлгі ретінде насихатталады», – делінген министрліктің жауабында.
Мұның алдында Алматыны дүр сілкіндірген терроршыны тоқтатқан Аян Ғалиевтің ерлігі туралы жазған едік.