Бибісара – супертурнирде Магнус пен Хикаруға қарсы ойнайтын жалғыз қыз

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Лас-Вегаста өтетін Freestyle Chess Grand Slam турниріне қатысады. Бибісара турнирге қатысатын алғашқы қазақстандық әйел шахматшы болмақ.
Турнирге шақырту алғаны жайлы 21 жастағы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«21 жастағы бойжеткеннің Карлсен, Каруан, Накамура және басқа да топ-шахматшылардың қатысуымен өтетін супертурнирге шақырту алуы орындалмас арман сияқты көрінеді. Бірақ солай болды, мен тіпті таңғалып отырмын. Әйелдерден супертурнирде кім ойнаған? Юдит полгар, Хоу Ифань және енді мен», – деді ол парақшасында.
Freestyle Chess Grand Slam турнирі Лас-Вегаста 16-20 шілде аралығында өтеді. Бұл – жабық форматтағы жарыс. Яғни кез келген шахматшы қатыса алмайды, қатысушылар арнайы шақырту арқылы таңдалады.
Осыған дейін ол халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) тарапынан ресми түрде ерлер арасындағы гроссмейстер (GM) атағын алған еді. Асаубаева – Қазақстан шахмат тарихында ерлер арасында гроссмейстер атағын алған екінші әйел шахматшы атанды. Бұған дейін бұл атақты Жансая Әбдумәлік алған еді.