
Freedom Broker америкалық компанияның қатысуымен Қазақстанда алғашқы Non Deal Roadshow өткізді. Нарықтық капиталы 538,6 млн доллар деп бағаланатын Venu Holding компаниясының иесі Рот Қазақстанға арнайы келіп, брокерлер мен клиенттердің алдында сөз сөйледі. Сонымен қатар ол Freedom Finance компаниясының сараптама департаментінің директоры Вадим Меркуловке сұхбат беріп, өзінің бизнесі туралы әңгімеледі.
Роттың айтуынша, бүгінде холдинг жалпы құны 1,2 млрд доллар болатын жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл жетістікке концерт билеттерінің рекордтық сатылымы мен жаңа әртістердің үнемі пайда болып отыруының арқасында қол жеткізген. Осыған байланысты АҚШ-та жаңа концерттік алаңдар салу қажеттілігі туындады.
«Білесіз бе, мен өмір бойы музыканың жанкүйері болдым. Venu компаниясын құрмай тұрып, мен Roth Premium Foods компаниясының иесі болдым. Бұл – АҚШ-тағы дайын тағам өндірушілер арасындағы көлемі бойынша үшінші ірі компания. Сол бизнестің арқасында мен жиі түрлі концерт алаңдарына барып жүрдім, осы нарықты зерттедім. Бірақ музыкаға деген махаббат менде әрдайым болды. Осылайша, мен концерт алаңдарын салу мүмкіндігін көрдім, тіпті менің тәжірибем азық-түлік саласына қатысты болса да», – деді Рот.
Venu Holding – ойын-сауық саласында жұмыс істейтін холдингтік компания. Ол АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында орналасқан. Компания музыкалық алаңдарға, мейрамханаларға және басқа да ойын-сауық нысандарына иелік етіп, оларды басқарады. Атап айтқанда, Venu Holding Notes Live атты концерт залдары желісін басқарады. Алдағы екі жылда компания Техас пен Оклахома штаттарында жаңа нысандар ашып, өз ықпалын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Джей Рот Venu Holding компаниясын 2017 жылы құрған. Ал 2024 жылдың қарашасында компания Нью-Йорк қор биржасында (NYSE) өз акцияларын орналастырды. Листингтен кейін Venu компаниясының акциялары 31,6%-ға өсіп, бір бағалы қағаздың құны 10,8 доллардан 14,21 долларға дейін көтерілді.
Freedom Broker – әлемдік қор биржаларында сауда жасауға мүмкіндік беретін инвестициялық компания әрі онлайн брокер. Компанияның жылдық есебін таныстыру кезінде негізін қалаушы Тимур Турлов Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркияда ашылуды көздеп отырғанын айтып еді. Ал келесі бизнесті АҚШ-та жүргізу деген жоспары бар.