Павлодарда дауыл кезінде қайтыс болған тұрғынның отбасына көмек көрсетіледі

Павлодарда Ақсу қаласындағы дауыл кезінде көз жұмған әйелдің отбасына көмек көрсетіледі. Бұл туралы жергілікті Kerek.pv арнасы жазады.
Басылымның мәліметінше, марқұм – 57 жастағы Марина Пахомова. Ол балабақшада хореограф болып жұмыс істеген, балаларға би үйреткен. Сол күні кешке жұмысынан таксимен қайтып келе жатқанда, көлікке ағаштың сынығы құлайды. Соққы салдарынан Марина Пахомова сол жерде көз жұмған.
Енді марқұмның отбасына еңбек өтілі үшін 310 мың теңге өтемақы және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға арналған қаражат ретінде 360 мың теңге беріледі.Сондай-ақ, жергілікті билік тарапынан қосымша көмек ретінде 950 мың теңге бөлінді. Қоштасу күні туыстарды тасымалдау үшін автобус та қарастырылды.
Еске салайық, 19-20 маусымда Павлодар облысында қатты дауыл тұрды. Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Баянауыл, Павлодар, Май аудандарында ТЖ режимі жарияланды. Жалпы 16 адам зардап шеккен, оның ішінде үш бала.