Сирия шіркеуіндегі лаңкестік әрекеттен кейін қаза болғандар саны 20-дан асты

Сирия астанасы Дамаскіде православ шіркеуінде лаңкестік жасалды. Белгісіз біреу адамдарға оқ атып, артынан өзін жарып жіберген. Лаңкестік әрекет салдарынан кем дегенде 22 адам қайтыс болды деп жазады Reuters Сирияның денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Тағы 59 адам жарақат алған.
Қайғылы жағдай болған Әулие Илья атындағы шіркеу Дамаскінің шығысында орналасқан. Кей куәгерлердің айтуынша, ер адам шіркеуге кіре сала оқ атқан. Артынан беліндегі жарылғыш затты іске қосқан.
Кейбір БАҚ лаңкестік шабуылға екі адам қатысқан деп жазады. Бірақ екінші адамның қандай жағдайда екені белгісіз, ресми түрде бұл нұсқа расталған жоқ.
Шабуыл жасаған кім?
Елдің Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, өз-өзін жарушы адам «Ислам мемлекеті» террорлық тобының мүшесі болған.
Айта кетейік, былтыр наурызда Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында осыған ұқсас жағдай болған. Камуфляж киген белгісіз біреулер концертке жиналғандарға оқ жаудырып, артынан жарылғыш зат лақтырды. Сол шабуылды да «Ислам мемлекеті» террористік тобы өз мойнына алған еді.
«Ислам мемлекеті» (ИМ, ДАИШ) – Ирак пен Сирияда құрылған, өздерін халифат деп жариялаған радикалды лаңкестік ұйым. 2014–2017 жылдары үлкен аумақты бақылауда ұстап, қатыгездігімен, терактілерімен және интернет арқылы үгіт-насихат жүргізуімен танылды. Қазақстанда және көптеген елдерде бұл ұйымға лаңкестік ұйым ретінде тыйым салынған.