1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар сот арқылы ақталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар сот арқылы ақтала алады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар сот арқылы ақтала алады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы соттар 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың азаматтық арызын қарап, оларды саяси құғын-сүргін құрбаны деп танып жатыр. Kursiv.Media жақында қабылданған осындай екі сот шешімінің көшірмесімен танысып шықты. Үкім бұдан да көп болуы мүмкін.

Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін қудаланған

Азаматтық істің бірі Ақтөбе қаласының № 3 сотына түскен. Дүйсенғали Бозжігітовтің арызы судья А.Ж. Жұмашеваның төрағалық етуімен ашық сотта қаралған. Бозжігітов «жаппай саяси құғын-сүргін құрбаны фактісін анықтау» талабымен сотқа жүгінген.

Бозжігітов Желтоқсан көтерілісі болған уақытта Қазақ мемлекеттік университеті Философия және экономика факультетінің екінші курсында оқып жүрген. 1986 жылғы 23 желтоқсанда студент «қоғамдық тәртіпті бұзды және оны милиция қызметкерлері ұстады» деген негізбен оқудан шығарылған.

Сот шешімінде Бозжігітовті 1986 жылғы 18 желтоқсанда КГБ органы ұстағаны, қылмыс жасағаны расталмай, ертесіне босатылғаны айтылды. Соған қарамастан студент КПСС мүшелігінен шығарылып, қудалауға ұшыраған. Осының бәрі мұрағат анықтамасымен расталды.

Одан кейінгі жылдары Дүйсенғалиді «Мақат», «Ақтөбе темір жол» станцияларына жұмысқа алмай қойған. Бұған қоса, оның жоғары оқу орнын бітірген әйелін де жұмысқа қабылдамаған. Ерлі-зайыптылар 90-жылдардың басында пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған.

Ақтөбе соты 2025 жылғы 23 сәуірде арыз берушінің талабын қанағаттандырды.

«Арыз беруші Дүйсенғали Бозжігітовтің саяси құғын-сүргін құрбаны фактісін анықтау туралы арызы – қанағаттандырылсын.

1961 жылы туған Бозжігітов Алматы қаласындағы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің саяси құғын-сүргін құрбаны деп танылсын«, – деп жазылған сот шешімінде.

Сот шешімі Қазақстан Республикасының атынан қабылданды.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі / фото: ашық дереккөз
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі / фото: ашық дереккөз

Көкшетаудағы көтеріліске қатысқан азамат

2025 жылғы наурызда осыған ұқсас тағы бір арызды Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының соты қарады. Кішкенекөл ауылындағы сотқа судья Ж.М. Мұхамеджан төрағалық етті. Арызданушы Есман Нұрғалиев те «жаппай саяси құғын-сүргін құрбаны фактісін анықтау» талабымен сотқа жүгінді.

Дінмұхамед Қонаевты қызметтен алатын жылы Есман Көкшетау қаласындағы техникалық училищеде оқып жүрген. 1986 жылғы 18 желтоқсанда ол азаматтық ұстанымын көрсету мақсатында орталық алаңға шыққан.

Сол күні студентті КГБ-ның Көкшетау облысындағы басқармасының қызметкерлері ұстаған. Үш тәулік бойы тергеген. Содан кейін ғана босатқан, бірақ Есманға училище жатақханасынан шығуға тыйым салынған. Студент комсомолдан шығарылған.

2025 жылғы 3 наурызда 58 жастағы Нұрғалиев өзін ақтауды сұрап, аудандық сотқа жүгінді. Шешім биыл 31 наурызда шықты. Сот Есман Нұрғалиевті 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі бойынша саяси құғын-сүргін құрбаны деп таныды.

Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылы 17-18 желтоқсанда Қазақстанда болған ірі қоғамдық-саяси оқиға. Жастар Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен алынып, оның орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсы шықты.

1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Осы құжат негізінде Желтоқсан көтерілісіне байланысты сотталған Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев сынды азаматтар ақталды. Дегенмен қысымша ұшыраған басқа да жүздеген қазақстандыққа қуғын-сүргін құрбаны мәртебесі берілмеді. Енді олар да сот арқылы әділдікке жете алады.

Сондай-ақ оқыңыз