Иран Ормұз бұғазын жаппақ: мұнай бағасы 110 долларға дейін көтерілуі мүмкін

Иран билігі Парсы шығанағындағы Ормұз бұғазын жабу мәселесін қарастырып жатыр. Соған байланысты әлем нарығында мұнай бағасы 80 долларға дейін көтерілді. Goldman Sachs қара алтынның бір баррелінің бағасы 110 долларға дейін жетуі мүмкін деп болжады. Бұл туралы Reuters жазды.
CNN мәліметінше, Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісіп бара жатқанына қарамастан, әзірге маңызды бұғаз арқылы мұнай тасымалы айтарлықтай кідірген жоқ. Ормұз бұғазының жабылуы Азия экономикасы үшін қиынға түседі. Себебі Қытай күніне 5,4 млн баррель иран мұнайын осы бұғаз арқылы алып отыр. Бұған қоса, бір тәулікте Үндістанға 2,1 млн, Оңтүстік Кореяға 1,7 млн баррель қара алтын экспортталады.
Goldman Sachs болжамынша, су жолдарымен мұнай тасымалы бір айда екі есе қысқарар болса, онда мұнай мағасы аз уақыт 110 долларға дейін көтеріледі. Одан кейін қайтадан арзандай бастайды. Бұған дейін Citigroup мамандары да бұғаз жабылған жағдайда мұнай бағасы 90 долларға дейін жетуі мүмкін екенін ескерткен.
Қазір Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің фьючерстері 76-77 доллар көлемінде сатылып жатыр. АҚШ Иранға шабуыл жасағаннан кейін, баға 80 долларға көтерілген.
Ормуз бұғазы — Парсы шығанағына кіретін шағын су жолы. Ол арқылы күнде әлемде өндірілетін мұнайдың бестен бірі өтеді. Иран ғана емес, Сауд Арабиясы мен Ирак мұнайы да осы теңіз жолы арқылы тасымалданады.
19 маусымда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұнай экспорттаушы Қазақстан үшін мұнайдың қымбат болғаны тиімді деп мәлімдеген.