«Жала жапты» деген Ғалымжан Ерназаров Наркенже Серікбаеваны сотқа бермейтін болды

Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония директоры Ғалымжан Ерназаров филармония қызметкері Наркенже Серікбаеваны сотқа бермейтін болды. Бұл туралы ол бүгін түсте мәлімдеді.
«Кешеден бері әлеуметтік желіде тарап жатқан видеоға байланысты көптеген резонанстар туындады. Осы бойынша Түркістан облысы әкімдігінен, облыстық мәдениет басқармасынан комиссия құрылды. Комиссия келіп, екіжақты тыңдады. Ұжыммен бізсіз (Наркенже Серікбаеваны айтады – ред.) кездесті. Кімнің қаншалықты, қандай деңгейде ауыр сөйледік пе, шекарадан асып сөйледік пе деген мәселелерді көтеріп, комиссия шешім шығарды. Мен де жеке комиссияға кірдім. Наркенже Серікбаева да жеке кірді. Соңынан екітараптама сөйлесіп, бір-бірімізге өкпе-ренішіміз жоқ екенін айтып, екеуміз де стористарымыздан, әлеуметтік желіге салған жазбаларымызды алып тастайтын болдық және артық кеткен сөздерімізге кешірім сұрайтын видео шығаратын болдық», – деді Ғалымжан Ерназаров.
Ерназаровтың сөзінше, Наркенже – халықтың қызы. Ол кісінің әлеуметтік желіде оқырмандары бар, жақсы көретін өнерпаздары да бар.
«Менің іс-әрекетім заң жүзінде болсын дедім. Жалпылама сөзбен түсінбеушілік болуы мүмкін. Екеуміз бір-бірімізге қоятын талабымыз жоқ деген келісімге келдік», – дейді Ерназаров.
Облыстық филармония директоры Наркенже Серікбаеваның харассмент жасады деп айыптағанына да жауап берді. Ол мұны жоққа шығарды.
«Ол туралы жеке өмірге ешқандай қатысы жоқ. Бұл – эмоцияға берілген әңгіме» деген ол журналисттің «иіскеген жоқсыз, тиіскен жоқсыз» деген сөзіне «Құдай сақтасын» деп жауап берді.
«Ешқандай сотқа бармаймыз. Сотқа берілмейді. Екі тараптама келісімге келіп отырмыз», – деді Ерназаров.
Ерназаровтың бұл мәлімдемесінен соң екі тарап та әлеуметтік желідегі парақшаларынан өз мәлімдемелерін өшіріп тастады.
Айта кететін жайт, мұның алдында Наркенже Серікбаева филармония директоры Ғалымжан Ерназарды харассмент жасады деп айыптаған болатын. Сондықтан жұмыста қысым көргенін айтып шағымданған еді.
Ал Ғалымжан Ерназаров әншінің сөздерін жоққа шығарып, «жала жапты» деп сотқа арызданатынын мәлімдеген.