Сайрамдық диқандар ағын судың тапшылығына шағынды

Жарияланды
Сайрамдық диқандар ағын судың тапшылығына шағынды / Фото: Shuttertsock

Түркістан облысы Сайрам ауданында шаруалар ағын судың аздығына шағынды. Айтуларынша, Ақсу өзенінен келетін су азайған. Еккен егіндері қурап жатыр. Шығынға батып қалғанын айтқан диқандар судың мәселесін шешіп беруді сұрайды. Ал ағын судың тапшылығын аудан әкімдігі растады.

Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Тахиржан Нартаев жылда картоп егіп, оны сатып, отбасын асырап келген. Биыл Ақсу өзенінен келетін ағын су азайып, еккен егініне су жетпей қалған.

«Қараңызшы, бір жарым миллион теңгеге картоптың ұрығын сатып алдым. Жер жырту, жұмысы бар, жалпы есептегенде егіннен өнім алу ниетінде 3 миллион теңге жұмсадым. Кеше клиент алып келдік. Картопты қарады да, тіпті сұрамай кетіп қалды», – дейді ол ашынып.

Нартаевтың сөзінше, дәл су керек кезде 10 күнде бір рет 12 сағаттан бір тәулікке дейін су берген. Оның өзі арықтың аяқ жағындағы диқандарға бірде жетіп, бірде жетпей қалған. Аз суғарылған картоптың шамамен 50-60 пайызына құрт түсіп тескен. Оған қоса ұсақ болып қалған.

Диқандар ағын судың тапшылығын тек Қарабұлақ ауылының шаруалары емес, көрші жатқан 3-4 ауыл да көріп жүр деп отыр.

«Біздің бар талабымыз су берсін. Не болса, егін сусыз қалмасын. Әйтпесе, биыл дымсыз қалайын деп тұрмыз. Әйтеуір, шөп алсақ малымызға береміз, оны бордақылаймыз. Сөйтіп күн көреміз. Анау жерде көршіміз картобын қазды. Дерлік барлығын құрт тесіп тастаған екен. Қоқыс болып қалды. Бізден бөлек көрші жатқан 4-5 ауылға су бармай тұр», – дейді диқан Сабыржан Хасантаев.

Сайрам ауданында диқандардың ағын судан таршылық көріп жүргенін аудан әкімдігі жоққа шығармайды.

«Биыл ағын судың тапшылығы қатты байқалуды. Өткен жылмен салыстырғанда екі жарым есе аз. Таудан келе жатқан су көлемі өте төмен. Мамыр айнан бастап су тапшылығынан арнайы кесте бекітілген. Соған сай диқандарға ағын су берілуде. Мысалы, бүгінгі күнде әр 4 күнде бір рет кестеге сәйкес су беріп жатырмыз», – дейді Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев.

Убайдуллаевтың сөзінше, Сайрам ауданында 20 мыңнан аса гектар суармалы жер бар. Оның шамамен 80 пайызы Ақсу өзенінен су алады. 1 шілдеге дейін Ақсу өзенінен Арыс өзеніне су жіберіліп жатыр. Өйткені Отырар, Ордабасы аудандарындағы шаруаларға да ағын су жетпей қалған.

Сондай-ақ оқыңыз