Түркістан облысында ағын су тапшы

Жарияланды
Түркістан облысында ағын су тапшы/Фото: shutterstock

Түркістан облысында ағын су тапшы, диқандарға су кезекпен беріліп жатыр. Бұл көктемгі жауын-шашынның аз болуымен тығыз байланысты.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен аймақтағы су тапшылығы туралы брифингте хабарлады.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің мәлімдеуінше, биыл облыста 890 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық. Дәл осы 896 мың гектар егіндіктің 552 мың гектары суармалы жер.

Егістікке қажетті ағын су мен су көлемі шаруалардың сұранысымен босатылған. Дегенмен биыл ауа райы жауын-шашынсыз болған. Оған қоса құрғақшылық та ағын су тапшылығының қаупін арттырған.

«Жалпы облысқа жылына 4.8 млрд текше метір су қажет. Оның 2,2 млрд текші метрі Сырдария өзенінен, 1,6 млрд-ы Арыс өзенінен, 990,5 млн-ы Келес өзенінен, 51,1 млн текше метрі Қаратау бөктерінен алынып келген. Шаруа қожалықтарына ағын суды тиімді реттеп беру, ауыл шаруашылығы дақылдарының жойылуына жол бермеу мақсатында су беру кестесі түзіліп. Аудан, қала әкімдіктерімен шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Тұрашбеков ағын суды беру кестесі шаруалармен келісіп жасалғанын айтады. Сөйтіп ағын су кезектілік тәртібімен жіберіле бастаған. Сонда да ағын судың тапшылығы байқалған. Мысалы, Бөген су қоймасы арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек және Сауран ауданындағы 67 мың гектар жер суғарылады. Алайда сыйымдылығы 370,0 млн.м3 Бөген су қоймасында қазір 162,2 млн.м3 су бар. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 115,2 млн.м3-қа аз.

«Суды үнемдеп пайдалану мақсатында су өңдеу технологиясын 3 жылдан бері қолданып келеміз. Өткен жылы 55 мың гектар жерге су өңдеу технологиясын енгізсек, биыл 46 мың гектарға енгіздік. Жыл соңына дейін су өңдеу технологиясын енгізген жер көлемі 119 мың гектарға жетеді», – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Тұрашбековтің сөзінше, 20 маусымнан 1 шілдеге дейін Сайрам ауданына су беру тоқтатылған. Ондағы судың бәрін Отырар ауданы шаруаларына беріліп жатыр. 1 шілдеден 10 шілдеге дейін Ордабасы ауданы мен Түлкібас ауданында ағын су беру тоқтайды. Оның орнына Сайрам ауданы мен Сауран ауданына жіберіледі. Оңтүстік аудандарда су тапшы болады деген қауіп бар. Атап айтқанда, Шардара, Мақтаарал, Жетісай аудандары судан таршылық көруі ықтимал.

«Жаңа айтқанымдай, облыста 896 мың гектар егіндіктің 552 мың гектары суармалы жер бар. Оның 360 мың гектар жеріне шаруалар бидай, арпа сияқты дәнді-дақылдар еккен. Көктемде жауын-шашын аз болып, қуаңшылықпен шығуына байланысты жалпы 50 мың гектар жері бар 336 шаруаның егіні өпей , өссе де ораққа ілінбей қалу қаупі тұр. Бұл туралы ауылшаруашылығы министрлігіне хабарладық. Алда бұл шаруалардың алған несиесін ұзарту мәселесімен жұмыс істейміз», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ресми мәліметке қарағанда, облыста 25 су қоймасы бар. 1 су реттегіш, ұзындығы 4265 шақырымға жететін 269 канал бар. Аталған каналдардың 76 пайызының тозығы жеткен.

Бұған дейін облыстың Сайрам ауданында шаруалар ағын судың аздығына шағымданған.. Айтуларынша, Ақсу өзенінен келетін су азайған. Еккен егіндері қурап жатыр. Ал ағын судың тапшылығын аудан әкімдігі растады.

Сондай-ақ оқыңыз