Саяхатта сақтанатын алаяқтық түрлері

Жарияланды 24 Маусым 2025 08:12

Динара Тілеубек

Динара Тілеубек

Саяхатта сақтанатын алаяқтық түрлері/Фото: shutterstock

Саяхатта тек жаныңа қуаныш сыйлайтын дүниелерге ғана ақша жұмсағың келеді. Артық шығын, алданып қалу, бюджетті тиімсіз жұмсау — кез келген саяхатшының қорқынышты түсі сияқты. Әсіресе, ел ішінде жүргеннің өзінде дамыл бермейтін алаяқтар шетелде де туристердің қалтасын қағуға дайын тұрады. Оқырмандарымыздың ақшасын сақтау үшін саяхатта көп кездесетін алаяқтық түрлерін және одан қалай қорғану керегін жазып шықтық. Мақаланы оқып шығу саяхатта әмияныңыз бен жүйкенізді сақтайды:

Такси

Саяхатта туристер арасындағы ең танымал алаяқтық түрі. Әуежай/вокзалдан қалаға жеткісі келетін шетелдікті қыруар ақшаға түсіру барлық елде кездесетін жағдай. Бұған жол бермес үшін:

  • Таксометр болса, бірден қосқызамыз. Таксометр жедел ақша қосып, секунд сайын қымбаттап бара жатса, бірден түсіп қаламыз. 
  • Онлайн такси қосымшасы жұмыс істесе, көлікті сол арқылы шақырамыз. Мұндай қосымшаларда такси бағасын өзіңіз ұсынасыз немесе ол бірден шығып тұрады және өзгермейді. Баға күрт өзгерсе немесе жүргізуші міндетін дұрыс орындамаса, техникалық қолдауға жазып, өтемақы алуға болады.
  • Жоғарыда аталған екеуі де болмаса, жүргізушімен жолақысына бірден келісеміз. Қолымызға артық-кемсіз тура сол ақшаны дайындап қоямыз. Көп елде жүргізушілер соңынан кикілжің шығарып, артық ақшаны қайтармай немесе көбірек бер деп талап етуі мүмкін. Полиция номерін жазып алыңыз, баратын жеріңізге (хостел, қонақ үй, досыңыз) хабарласып, есік алдынан күтіп алуын сұраңыз. 
  • Таксиде отырғанда үнемі байланыста болыңыз, ол үшін жаңа елге барған бойда интернет қосып алу керек. Airalo сияқты e-sim-ді алдын-ала сатып алып қойсаңыз, ұшақ қонған сәттен бастап жұмыс істей береді. Болмаса, жергілікті сим-карта сататын дүңгіршектер барлық әуежайда болады (көбіне тек туристік пакеттер және қаламен салыстырғанда қымбат). 
  • Жүргізуші мен көлік деректерін, маршрутыңызды онлайн отырған жақыныңызға жіберіп қойыңыз. Картадан маршрут құрып, таксидің басқа жолмен жүріп кетпеуін қадағалаңыз. Жолын өзгертсе, ескерту жасаңыз. Әсіресе, таксометрмен жүретіндер қысқа жол осы деп, қаланы айналдырып, көбірек ақша жасауға тырысуы мүмкін.

«Ол жер жабылып қалды, істемейді, үзіліс»

Көбіне такси, тук-тук, қала ішіндегі транспорт жүргізушілері баратын қонақ үйіңізді сұрап, «Ол жерде бос орын жоқ немесе жабылып қалған» деп алдауы мүмкін. Сеніп қалсаңыз, орнына өз таныстарының қонақ үйіне апарады. Қаладағы көрнекі орындарға кіру, тур сатып алуда да солай. Басқалар не айтса да, бәрін өзіміз хабарласып, сол жерге барып, сұрап тексереміз. Жүргізушілер сататын турларға бірден келіспей, оның интернет пен қаладағы бағасын қарап көріңіз. Әдетте туристер білместіктен, осындай «қамқор» жүргізушілердің қолынан турларды 2-3 есе қымбатқа алады. 

Көшеде тегін зат ұсыну

Әсіресе, Еуропада кең таралған. Көшеде кездескен жылы жүзді кісі қолыңызға білезік тағып немесе басыңызға бас киім кигізуі мүмкін. Олар үнемі мұны тегін, жылы лебіз белгісі деп түсіндіреді. Бірақ артынша ақша талап етіп шығады. Бермеймін десеңіз, полиция шақырамын деп қорқытып, көшеде айқай-шу шығарады. Сырт қарағанда, сіз біреудің сатқан бас киімін киіп не білезігін тағып алып, ақысын төлеуден бас тартып тұрғандай көрінесіз. Мұндай жағдайға тап болмас үшін: 

  • Ешкімнен тегін ештеңе алмаңыз
  • Денеңізге рұқсатсыз бір зат іліп жатса, бірден қайтарып беріңіз
  • Мәймөңкелемей, «керек емес» деп кесіп айтыңыз
  • Артық әңгімеге айналмаңыз, бірден жүріп кетіңіз

Тегін шай = сауда жасау

Қытайда әдемі қыздар шетелдік туристермен танысып, шай рәсіміне шақырады. Соңынан шай сататын дәмхана иесі қымбат есепшот әкеліп береді. Мароккода әртүрлі зат сататын дүкен иелері «Қай елденсіз?» деп сұрап, сол елде тұратын таныстарына хат жазып беруді өтінуі мүмкін. Дүкеніне шақырып, шай, тәтті береді. Соңынан сауда жасауды сұрайды. Көп адам тегін шай ішіп, сонша жақсылық көрген адамына «жоқ» деп айтуға ұялады. Мұндай жағдайға түспес үшін «кез келген нәрсені татып көрмес бұрын “тегін бе?» деп ұялмай сұрап, ештеңе сатып алуға ниетіңіз жоғын әу бастан ашық білдіру керек. 

Үстіңізге бірнәрсе төгу

Еуропа мен Үндістанда жиі кездеседі. Абайсызда болғандай етіп, бейтаныс адам киіміңізді бүлдіреді. Кейін кешірім сұрап, бірнеше адам қаумалап, үстіңізді тазалауға көмектеседі. Сіз киіміңізге алаңдап, болған оқиғадан ес жия алмай тұрғанда, қалтаңызды қағып немесе сөмкеңізді ұрлап кетеді. Кейде өзі бүлдіріп, аяқ киім тазалағаны үшін ақша талап етуі мүмкін.

Ешкімге өзіңізді қоршауға, денеңізді тінтіп, «көмектесуге» жол бермеңіз. Осындай жағдай болса, ол жерден тез кетіп, үстіңізді өзіңіз тазалаңыз. Жеке заттарыңызға әрдайым мұқият болыңыз.

Мотоцикл/көлік жалға алу

Көлік немесе мотоцикл/скутер жалға алғанда түгел тексеріп, қандай кемшіліктері барын фото/видеоға түсіріп алу керек. Оны иесіне де көрсетіңіз. Өйткені көбіне мотоциклді қайтарғанда, иесі одан бұзылған/сырылған/сынған тұстарын тауып, көп ақша талап етуі мүмкін. Әдетте жалға бергенде құжатыңызды алып қалады. Соны қайтару үшін көп адам амалсыз ақша төлейді. Мұндай жағдай Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде жиі кездеседі. 

Мотоциклді паркингке қалдырғанда да, суретке түсіруді ұмытпаңыз. Кейде жалға берген адам сізді ақшаға түсіру үшін кісі жалдап, мотоцикліңізді әдейі соққызып немесе ұрлатуы мүмкін. Сақтық үшін әр қадамыңызды рәсімдеп, жалға берушілерге де оңай алданбайтын адам екеніңізді көрсетіңіз.

Жалған петиция

Туристік орындарда балалар немесе әйел кісі келіп, петицияға қол қоюды өтінеді. Көбіне олардың не айтып жатқанын түсіну қиын, көп саяхатшы басын қатырғысы келмей, қол қоя салады. Артынша петицияға қол жинап жүрген топ сізден жарна (донат) төлеуді талап ете бастайды. Бұған жол бермес үшін мұндай өтініштерді елемей өтіп кетіңіз.

Банкомат

Ақша шешерде банктің ішінде орналасқан қауіпсіз банкоматтарға барған жақсы. Өйткені сыртта, елеусіз, қараусыз жерде орналасқан банкоматтарға кард скиммер орнату фактілері жиі кездеседі. Кард скиммер — карта деректеріңізді жазып алатын құрылғы. Алаяқтар банкомат пернетақтасын немесе карта салатын тұсын осындай скиммерлерге ауыстырып қояды. Сондықтан мына ережелерді есте ұстаңыз:

  • Ақша шешіп жатқанда ешкімді жақындатпаңыз, айналаңызда күдікті көрінген адамдар болса, кетіп қалыңыз.
  • Пин-код жазғанда пернетақтаны екінші қолыңызбен жауып тұрыңыз. Кейде алаяқтар пернетақта үстіне көрінбейтін камера орнатып қояды. 
  • Картаңызды салмас бұрын банкоматты бір қарап шығыңыз: артық камера жоқ па (банкомат үстіндегі камерадан басқа), пернетақтасы, басқа детальдары жалпы дизайнға сай келе ме, кейін үстінен орнатылғанға ұқсамай ма? Ең дұрысы, алаяқтардың аяғы жетпейді-ау деген банк бөлімшелерінің ішіндегі немесе адам көп жүретін, бейнебақылауы мықты жерлердегі банкоматтарға барыңыз.
  • Алаяқтар карта деректеріңізді ұрласа, не онлайн сауда жасайды, не карта мәліметтерін dark web-те сатады. Карта қосымшасын жиі тексеріп тұрыңыз. Күмәнді операциялар болса, картаны бірден бұғаттап тастаңыз. 
  • Мүмкіндік бар жерде картасыз, apple pay сияқты контактісіз төлем жолдарын қолданған дұрыс.

Валюта айырбастау

Кей елдерде валюта айырбастарда қара нарық (көшеде бейресми, заңсыз жасалатын айырбас) ұтымды болуы мүмкін. Бірақ абай болған жөн. Өйткені сізге жалған валюта беріп жіберуі мүмкін. Мұны түсінгенше, ақша айырбастаған адамыңыз ізін суытып кетеді. Сондықтан еш жерде жоқ, тиімді бағам ұсынған адамдарға алданбаймыз. Әлемде тегін, шектен тыс тиімді нәрсенің бәрі әдетте алаяқтық болатынын, ешкім пайда көрмей жұмыс істемейтінін ұмытпаңыз! Дұрысы, валютаны төлқұжатыңызды тіркеп, ресми ауыстыратын сенімді орындарға барыңыз.

Жалған WI-FI

Саяхатта көп керегі —  интернет. Байланысқа ақша үнемдеген адамдар барған жерінде тегін wifi табуға тырысады. Бірақ алаяқтар қорғалмаған интернетке қосылған адамдардың жеке деректерін ұрлай алатынын есте ұстаңыз. Сондықтан шетелде сенімді vpn қолдану керек. Қоғамдық wifi-ға қосылсаңыз, банк қосымшаларына кірмеңіз, карта деректерін енгізіп, төлем жасамаңыз. Ең дұрысы, барған еліңізде үнемі өз интернетіңіз болсын.

Cаяхатқа жалғыз немесе топпен шыққаныңызға қарамастан, үнемі қаперден шығаруға болмайтын маңызды қауіпсіздік ережелері бар. Оларды ескеру денсаулығыңызды, ақшаңыз бен өміріңізді сақтап, саяхат кезіндегі көп қауіптің алдын-алуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз