Елімізде кассациялық соттарды құру жұмыстары аяқталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Кассациялық сот құру жұмыстары аяқталды/фото: shutterstock

Президент Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Тоқаевқа сот жүйесі қызметінің биылғы 5 айдағы қорытындысы жөнінде мәлімет берілді.

Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда сот органдарына түскен талап-арыз бен шағымдар 18,1 пайызға ұлғайған. Бұл азаматтардың сот жүйесіне сенімі артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар татуластыру рәсімін қолдануда оң динамика байқалады.

«Сот төрелігінің сапасын арттыруға бағытталған шаралардың арқасында мемлекетпен арадағы дау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау көрсеткіші едәуір жақсарды. Әкімшілік сотта қаралған мұндай істердің 57,8 пайызында үкім азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдасына шешілді», – делінген ақпаратта.

Жоғарғы сот төрағасы қылмыстық процесс кезінде тұлғаның конституциялық құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге ревизия жасалды. Азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын күшейтуді, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығын нығайтуды, қылмыстық процесті оңтайландырып, бюрократиядан арылтауды көздейтін жаңа заң жобасы әзірленді.

Бұдан бөлек, Президентке сот жүйесін цифрландыру барысы және кассациялық соттарды құру жұмыстары аяқталғаны жөнінде есеп берілді.

Сондай-ақ оқыңыз