Тоқаев БАҚ қызметкерлерін марапаттады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Президент БАҚ қызметкерлерін марапаттады/фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент журналистер қауымын алдағы Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен құттықтап, ұлттық медиа – халықтың үні, ал журналист жасампаздық жаршысы екенін атап өтті.

«Сіздер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен биліктің арасында көпір болып келесіздер. Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі, ерекше жұмыс. Әрбір адамның қолынан келмейді. Мен бүгін бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Тоқаев.

Айтуынша, 3 жыл бұрын жалпыұлттық референдум арқылы Конституция жаңғырды.

«Мемлекеттің бүкіл саяси жүйесін өзгертетін тарихи қадамдар жасадық. Елімізде «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Өкілді биліктің құзыреті күшейді, атқарушы биліктің жауапкершілігі артты. Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылды. Ауыл және аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Билікке саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдау ісіне белсене араласатын болды. Қоғамда пікір алуандығы орнықты, яғни, өз ойын заңға сәйкес айта алатын, көкірегі ояу, өркениетті қоғам орнығуда. Халқымыздың мүлде жаңа саяси болмысы қалыптасты. Заң мен тәртіп тұжырымдамасы қоғамымыздың сана-сезімінің ажырамас бөлігіне айналып жатыр», – деген мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, алмағайып, бұлыңғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет.

«Осы орайда, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Міржақып Дулатов «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті» деген. Шын мәнінде, сөз – аса қуатты қару. Бір ауыз сөз араз елді тату қылады, тату елді араз етеді. Сондықтан сөз құдіретін терең түсініп, оның салмағын сезіне білу қажет.

Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін», – деді Тоқаев.

Айта кетейік, 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні.

Сондай-ақ оқыңыз