Қазақстанда Chevrolet көліктері бағасы күрт арзандады

Қазақстанда Chevrolet маркалы жаңа автокөліктердің бағасы төмендеді. Ақпаратты брендтің Қазақстандағы ресми дистрибьюторының баспасөз қызметі растады.
Кемінде брендтің үш моделінің бағасы арзандаған. Мысалы, Cobalt седандарының Optimum жинақтамасындағы нұсқасы бұрынғы 8,19 млн теңгенің орнына 7,29 млн теңгеге сатылып жатыр.
Ал Onix 1 миллион теңгеге арзандап, 6,99 млн теңге болды.
Tracker кроссоверінің бастапқы бағасы енді 9,99 млн теңгеден басталады.

KursivMedia Авто бұл жағдайға байланысты брендтің Қазақстандағы ресми дистрибьюторының баспасөз қызметіне жүгінді. Компания бағаның не себепті төмендегенін түсіндірді.
«Бағаны қайта қарау аясында және нарықтағы қазіргі жағдайды ескеріп, Chevrolet бренді Қазақстанда кейбір модельдердің құнын төмендетті. Бұл шешім көліктерді клиенттеріміз үшін бұрынғыдан да қолжетімді етуге бағытталған», – делінген ресми жауапта.
Компания өкілдері брендке деген сенімді сақтау мақсатында жұмыс істеп жатқандарын айтты.
Айта кетейік, Қазақстан халқы әрбір екінші көлікті несиеге алып жатыр. Қазақстандықтар орташа алғанда 6,4 млн теңгеге автокредит алады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға жоғары. Бұл ретте көлік бағалары да біршама өскен: жылдық өсім 4%. Несие алушылардың басым бөлігі 3-10 млн теңге аралығындағы көлікті таңдаған.
Ал «Қазақстанның автокөлік одағының» хабарлауынша, мамырде елімізде 19 377 көлік сатылған. Бірінші орында Hyundai, екінші орында Chevrolet және үшінші орында Kia тұр.