Жаңалықтар

Перизат Қайрат ісі онлайн өтуі мүмкін

Перизат Қайрат ісі онлайн көрсетілуі мүмкін/коллаж kursiv.media

Перизат Қайрат ісі бойынша сот процесі онлайн көрсетілуі мүмкін. Бұл туралы Жоғарғы сот Kazinform.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеген.

Айта кетейік, су тасқынынан зардап шеккен халыққа деп жиналған ақшаны өз қажетіне жұмсап, аса ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ісі прокуратураға жолданды. Алайда іс әлі сотқа түспеді.

«Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың бірі – Перизат Қайратқа қатысты іс сотқа әлі түскен жоқ. Егер Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданатын болса, қоғам мен заңгерлер қауымдастығы тарапынан сұраныс болған жағдайда, сот отырыстарын тікелей эфирде көрсету мәселесі қарастырылуы мүмкін», – деп жауап берген Жоғарғы сот.

Айта кетейік, 2025 жылдың 19 наурызында тараптар 109 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарымен танысуға кіріскен.

Істің мән-жайы

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Қайрат 2021-2024 жылдар аралығында қайырымдылық көмек көрсету мақсатында халықтан ақша жинаған. Ол бұл қаражаттар мұқтаж балаларға, Палестина және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмсалатынын айтқан.

Тергеу амалдарының нәтижесіне сай, жалпы ұрланған қаржы көлемі 3,5 млрд теңгені құраған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Перизат Қайрат «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына түскен қаражатты өзінің жеке және анасы Ғайша Алашбаеваның есепшотына аударып отырған. Кейін оларды зергерлік бұйымдарға, киім-кешекке, жиһаз бен саяхаттарға, жөндеу қызметтеріне, автокөлік жалдау және басқа да шығындарға жұмсаған.

Biz birgemiz Qazaqstan 2030 қоры жабылды

2025 жылдың наурызында күдікті басқарған Biz birgemiz Qazaqstan 2030 қоры жабылды.

Қорды жою туралы талаппен Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Әділет департаменті жүгінген. Шешімді Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қабылдаған.