
Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) сарапшыларының болжамына сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай АҚШ долларының бағамы 515 теңгені құрайды Ал 2026-2027 жылға қарай доллар 536 теңгеге жетуі мүмкін. Бұл туралы банктің аймақтық талдау орталығының сарапшысы Айгүл Бердіғұлова халықаралық қаржы институтының баяндамасын таныстыру барысында мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, теңге бағамының алдағы жылдардағы бағытына бірнеше негізгі факторлар әсер етеді. Біріншіден, әлемдік мұнай бағасының төмендеуі — бұл экспорттық кірістерге ықпал етіп, ұлттық валютаның әлсіреуіне себеп болуы мүмкін. Екіншіден, мұнай экспортының артуы теңгенің тұрақтылығын қолдауы мүмкін.
Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор валюта түсімінің 50%-ын міндетті түрде ішкі нарықта сату талабын енгізу теңгеге қосымша сұраныс тудырып отыр. Бұдан бөлек, Ұлттық қордан бюджетке бөлінетін трансферттерді конвертациялау да ішкі валюта нарығына ықпал етеді.
Тағы бір маңызды фактор – Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің жоғары деңгейде сақталуы. Бұл қадам ұлттық валютаны қолдап, капиталдың сыртқа кетуін тежеуге бағытталған.
Жалпы алғанда, ЕАДБ сарапшылары теңге бағамының болашағы сыртқы нарықтағы жағдай, мұнай бағасы және ішкі қаржы саясатындағы шешімдерге тікелей байланысты екенін атап өтті.
Инфляция қандай болмақ?
Халықаралық ұйым Қазақстандағы инфляцияғы қатысбы болжамын 11,9 пайызға дейін нашарлатқан. Бердіғұлова Қазақстандағы инфляцияның көтерілуін бірнеше себеппен түсіндірді. Біріншіден, бұл теңгенің 2024 жылдың соңында әлсіреуінен туындаған.
Екіншіден, тұрғын үй-коммуналдық қызметінің тарифті өсіп жатыр, бұл да бағаның қымбаттауына әсер етеді.Үшіншіден, қоғамда салық және бюджет реформасы (соның ішінде ҚҚС-ты көтеру мәселесі) қызу талқыланып жатқандықтан, халық арасында инфляциялық күтулер де артып отыр.
Сарапшының айтуынша, инфляция шарықтау шегіне 2026 жылдың екінші тоқсанында жетіп, кейін біртіндеп бәсеңдей бастайды. ЕАДБ болжамы бойынша, 2025 жылдың соңына қарай инфляция 11,9%-ға жетіп, ал 2026–2027 жылдары 8,5% деңгейінде тұрақтайды.
Осы жағдайды ескере отырып, банк Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2025 жылдың соңына дейін 16,5% деңгейінде сақтап тұрады деп болжап отыр. Егер инфляция күткендей төмендесе, 2026 жылдың соңына қарай мөлшерлеме 14,5%-ға дейін төмендеуі мүмкін.
Экономика өсім көрсете ме
Қазақстан экономикасы 2025 жылы 5,5%-ға өсім көрсетуі ықтимал.
Сарапшы Айгүл Бердіғұлованың айтуынша, өсімге негізгі себеп – үкіметтің инвестицияны ынталандыру шаралары. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингі арқылы экономикаға қаржы құю көлемі артпақ, бұл өңдеу өнеркәсібі, көлік және құрылыс салаларын қолдайды.
Сонымен қатар, Теңгіз кен орнындағы өндірістің кеңеюі ЖІӨ өсіміне қосымша 0,4–0,6 пайыздық пункт үлес қосады. Бұл факторлар мұнай бағасының төмендеуінен және жаһандық экономикадағы баяулаудан келетін теріс әсерді өтейді.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев та 2025 жылы ЖІӨ кемінде 5,5%-ға өседі деп мәлімдеген болатын.