
АҚШ бастаған жаһандық сауда текетіресінен Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстан экономикасы ең көп зардап шегуі мүмкін. Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) жаңа экономикалық шолуында жазылған.
«Коммерсант» басылымының мәліметінше, сауда соғысының салдарынан мұнай бағасының арзандауы ел экономикасына үлкен соққы болмақ. Бірақ жағымсыз әсерді ел ішіндегі белсенді инвестициялық саясат пен мемлекеттік қолдау әлсірете алады.
Сауда соғысы әлемдік шикізат нарығына қысым жасап отыр. ЕАДБ сарапшылары Brent маркалы мұнай бағасы 2025 жылы орта есеппен 67 доллар болады деп болжайды. 2026–2027 жылдары ол 63 доллар шамасына дейін төмендеуі мүмкін.
Бұл – Қазақстан мен Ресей сияқты мұнайға тәуелді экономика үшін жағымсыз сценарий. Ресей мұнайы 2025 жылы орта есеппен 56 доллар шамасында саудаланады деген де болжам бар.
Мұндай жағдай ұлттық валютаның тұрақтылығына, инвестиция тартымдылығына және экспорттан түсетін табысқа қысым жасауы мүмкін.
Армения, Қырғызстан және Тәжікстан ұта ма?
Қазақстаннан айырмашылығы, кейбір көрші елдерге сауда соғысы белгілі бір пайда әкелуі ықтимал. ЕАБР мәліметінше, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері түсті және бағалы металдарға деген сұраныстың өсуінен ұтатын болады. Бұл олардың экспорттық табысын арттырып, экономикалық өсімді қолдай алады.
Мысалы, Қырғызстанда ЖІӨ өсімі – 10,3%, Тәжікстанда – 8,4%, ал Өзбекстанда – 6,5% деңгейінде сақталады деп күтілуде. Армения экономикасы 2025 жылы 5,5%-ға өседі. Бұл елдерде тұтыну мен мемлекеттік шығыстардың артуы негізгі өсім көзі болады.
Банк сарапшылары Қазақстан экономикасының өсімі 2025 жылы 5,5% деңгейінде болады деген болжам жасаған. Бұл көрсеткіш келесі екі жылда да тұрақты сақталуы мүмкін. Яғни, үкіметтің инвестициялық бағыты, өндіріс пен ішкі сұранысты арттыру стратегиясы өзін-өзі ақтап жатыр.
11 маусымда әлемнің екі ірі экономикасы – АҚШ пен Қытай сауда мен салыққа қатысты ортақ келісімге келгенін мәлімдеді.