
Мамыр айында ипотекалық несие алғандар саны азайғанымен, несие көлемі артты. Бұл туралы Бірінші несие бюросы мәлімдеді.
Ипотека: адам аз, қарыз көп
2024 жылғы мамырда ипотека ресімдеген азаматтар саны 12,8 мың адамды құрады: бұл сәуірмен салыстырғанда 2,1%-ға төмен. Алайда жалпы берілген несие сомасы 1,9%-ға өсіп, 252 млрд теңгеге жетті.
Орташа есеппен алғанда, бір адам 19,7 млн теңгеге ипотека алған. Сәуірде бұл көрсеткіш 19 млн теңге болған еді.
1 маусымдағы жағдай бойынша еліміздегі ипотекалық портфельдің жалпы көлемі 6,8 трлн теңгеге жуықтады. Бұл сома 645 мың несие мен 617 мың қарыз алушыға тиесілі.
Мамыр айында банктер халыққа жалпы сомасы 1,6 трлн теңге көлемінде несие берген. Бұл өткен аймен салыстырғанда 0,7%-ға аз. Оның ішінде шамамен 890 млрд теңгені тұтынушылық несие құрайды. Бұл кредитті 2,3 млн адам рәсімдеген, сәуірмен салыстырғанда 0,8%-ға кем.
Автокредитке сұраныс азайып келеді
Автокредит нарығында да сұраныстың төмендегені байқалды. Өткен айда 23,6 мың адам автонесие алған, бұл сәуірмен салыстырғанда 4,8%-ға аз. Несие сомасы да 1,9%-ға қысқарып, 234 млрд теңгені құрады.
Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге берілген несиел көлемі де қысқарды. Мамыр айында бұл бағытта 1,9 трлн теңге берілген, сәуірмен салыстырғанда 14,6%-ға аз. Оның ішінде 1,7 трлн теңге – заңды тұлғаларға тиесілі.