Иран-Израиль бітімі әлемдік нарыққа әсер етті: қор индексі өсіп, мұнай арзандады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Израиль мен Иран арасындағы атысты тоқтату туралы келісім әлемдік қаржы нарығына бірден әсер етті. Бір жағынан – қор индекстері өсіп, туристік және технологиялық компаниялар акциялары қымбаттаса, екінші жағынан – мұнай бағасы күрт құлдырады. Инвесторлар геосаяси тәуекелдің уақытша болса да азайғанын оң қабылдады.

4 маусым күні АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль атысты толық тоқтатуға келіскенін мәлімдегеннен кейін, Еуропаның негізгі қор индекстері бірден өсті.

Stoxx Europe 600 индексі 1,33%-ға көтеріліп, 542,16 пунктке жетті – бұл соңғы апталардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар:

  • Германияның DAX индексі 2,13%-ға,
  • Францияның CAC 40 – 1,32%-ға,
  • Италияның FTSE MIB – 1,54%-ға,
  • Ұлыбританияның FTSE 100 – 0,35%-ға өсті.

Саяхат және туризм саласына тиесілі компаниялардың акциялары күрт қымбаттады. Бұл – әскери қақтығыс қаупінің бәсеңдеуімен және алдағы маусымда туризмге деген сенімнің артуымен байланысты. Мысалы, EasyJet акциялары 6,3%-ға, Carnival Plc – 5,7%-ға, Lufthansa – 5,6%-ға өсті. Сонымен қатар, банктер мен автоконцерндер де өсім көрсетті: Deutsche Bank (+3,7%), Volkswagen (+2,9%).

Мұнай бағасы күрт арзандады

Алайда мұнай нарығы үшін атысты тоқтату керісінше теріс факторға айналды. Brent маркалы мұнайдың бағасы 3%-ға төмендеп, барреліне 69,3 доллар болды. Сауда сессиясы кезінде баға 67,6 доллар деңгейіне дейін түсті, бұл – соңғы екі аптаның ең төменгі көрсеткіші.
WTI маркалы америкалық мұнайдың бағасы да 3%-ға түсіп, 66,4 доллар деңгейін көрсетті.

Сарапшылардың пікірінше, қақтығыстың басылуы мұнай тасымалына тікелей қауіп төндіретін факторлардың жойылғанын білдіреді. Бұл, сәйкесінше, бағаның төмендеуіне себеп болған.

Алайда сарапшылар бұл жағдайдың уақытша екенін ескертеді. Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс түбегейлі шешілмеген. Израильдің бітім орнаған соң Ираннан зымыран атылды деген мәлімдемесі бұл тыныштықтың өте нәзік екенін көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз