
Қазақстан мен бүкіл ТМД кеңістігіндегі кальций карбидін шығаратын жалғыз зауыт – «Теміртау электрметаллургиялық комбинаты» (ТЭМК) биыл наурыз айынан бастап жұмысын уақытша тоқтатты. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің жазуынша, себеп– электр энергиясының қымбаттауы мен өндірістің шығынға батуы.
Кальций карбиді – ацетилен, синтетикалық каучук және басқа да өндірісте қажет материалдарды алуда қолданылатын негізгі өнім. ТЭМК оны 80 жылдан астам уақыт бойы шығарып келген.
Бұған дейін зауыт өз кен орыннан алынатын марганец пен әктасты пайдаланып ферроқорытпа мен кальций карбидін өндірсе, кейін шикізатты сатып алуға көшкен.
Алайда басты мәселе – электр энергиясы бағасының тым жоғары болуы. Кәсіпорын басшысы Арыстанбек Түпеевтің айтуынша, энергия құны өнімнің өзіндік құнының 36%-ын құрайды.
«Қазір бізге электр қуатының 1 кВт/сағ үшін бағасы 30 теңгеден асады. Ал зауыт шығынға батпай, шетелдік бәсекелестермен (Қытай, Иран) теңесе алуы үшін бұл тариф 13–15 теңгеден аспауы керек», – дейді ол.
Осыған байланысты зауыт жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр болған. Егер 1 сәуірде зауытта 510 адам жұмыс істесе, мамырда олардың саны 300-ге дейін азайды. Ал шілде айында тағы да біраз адамды жұмыстан босатпақ.
Кәсіпорын басшылығы жағдай өзгерсе, өндірісті кез келген сәтте қайта бастауға дайын екенін айтады. Олар жеңілдетілген тариф беруді сұрап отыр. Алайда бұл шешім оңай қабылданбайды.
Министрлік не дейді?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мұндай қиындықтармен елдегі көптеген ірі, көп энергия тұтынатын өндіріс бетпе-бет келіп отырғанын растайды.
«Бірақ тек бір зауытқа жеңілдік беру басқа кәсіпорындардың наразылығын тудыруы мүмкін», – дейді министрлік.
Энергетика министрлігі де жеке тариф енгізу бүкіл электр нарығына қауіп төндіреді деген ұстанымда. Сондықтан тарифке жеңілдік беру әлі талқыланып жатыр.
Алайда үкімет ТЭМК-ке көмек ретінде жүк тасымалы тарифінің бір бөлігін азайтуды, атап айтқанда, теміржол тарифіндегі коэффициентті төмендетуді қолға алған.
2020–2023 жылдары Қазақстанда электр тарифтеріне мораторий болған еді. Бірақ осы уақыт ішінде энергетикалық жүйе тозып, көп мәселе жиналып қалды. Қазір үкімет «Тариф орнына инвестиция» атты бағдарлама аясында инфрақұрылымды жаңартуға тырысып жатыр, бірақ оның құнын тұтынушылар төлейтін болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтарда Қазақстандағы тариф ТМД елдерінен төмен екенін айтып, оларды «нарықтық деңгейге» жеткізуді тапсырған еді.
Зауыттың негізі 1940 жылы қаланған. 1943 жылы алғашқы кальций карбиді өндірілді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 25 мың тонна. 2024 жылы 22 мың тонна, ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында 5 мың тонна кальций карбиді өндірілді. Негізгі бөлігі ТМД елдеріне экспортталады.