Байлық бар, бейбітшілік қайда? Таяу Шығыстың заманауи портреті

Мұнаймен байыған аймақтың мүмкіндігі мен мызғымас беріктігі
Таяу Шығыс – ежелгі өркениеттердің бесігі, діндердің тоғысқан мекені ғана емес, бүгінде жаһандық экономика мен геосаясаттың маңызды тіректерінің бірі. Бұл аймақтың өзектілігі көбінесе жер қойнауындағы байлықпен – дәлірек айтқанда, мұнаймен байланысты. Соңғы онжылдықтарда Таяу Шығыс елдері әлемдік энергетикалық нарықтағы басты ойыншыларға айналды. Бірақ олардың қуаты тек шикі мұнаймен шектелмейді – экономика, әскери күш және геосаяси позиция тұрғысынан да оларды айналып өту мүмкін емес. Осы материалдар негізінде Таяу Шығыс елдерінің қазіргі ахуалына тереңірек үңіліп көрелік.

Шикі мұнай – аймақтың басты капиталы
OPEC-тің статистикалық бюллетеніне сүйенсек, Таяу Шығыс елдері 2019 жылы күніне 24,17 миллион баррель мұнай өндіріп, дүниежүзілік өндірістің елеулі бөлігін қамтамасыз еткен. Алайда 2020 жылы COVID-19 пандемиясы салдарынан бұл көрсеткіш күрт төмендеп, 22,04 миллион баррельге дейін қысқарған. Келесі жылдары көрсеткіштер біртіндеп қалпына келіп, 2022 жылы 25,09 млн баррельге дейін жетсе, 2023 жылы 23,81 млн баррельге түскен. Бұл өзгерістер жаһандық мұнай сұранысына, геосаяси тұрақсыздыққа және энергия көздерін әртараптандыруға байланысты.
Бірақ бұл – тек өндіріс көлемі. Ал дәлелденген мұнай қоры бойынша Таяу Шығыс елдері әлі де көш басында. 2023 жылғы дерек бойынша, әлемдік мұнай қорының 55,6%-ы осы аймақта шоғырланған. Бұл – тұрақты түрде энергиямен қамтамасыз ету мен геосаяси сауда келіссөздерінде үлкен артықшылық береді. Сауд Арабиясы, Иран, Ирак сынды елдер бұл ресурсты ұлттық табыстың негізі ретінде пайдаланып отыр.

ЖІӨ мен экономика: мұнай бар, бірақ даму деңгейі әртүрлі
2024 жылға арналған Халықаралық валюта қорының болжамдары Таяу Шығыс елдерінің ЖІӨ-сінің әркелкілігін көрсетеді. Мысалы, Сауд Арабиясы – 1,1 трлн доллар, БАӘ – 537 млрд доллар, Түркия – 1,3 трлн доллар, ал Израильдің ЖІӨ-сі – 540 млрд долларға жетіп отыр. Бұл елдерде экономикалық әртараптандырудың айқын белгілері бар: қаржы орталықтары, туризм, логистика және өндірістік сектор дамып келеді. Қатар, Кувейт, Бахрейн сынды мұнайға тәуелді елдер де технологиялық хабтарға айналу мақсатында инфрақұрылымды жаңғыртуда.

Алайда аймақтағы барлық елдердің жағдайы бірдей емес. Судан ($28 млрд), Йемен ($19 млрд), Палестина ($18,6 млрд) және Сирия (мәлімет жоқ) сынды елдер соғыс пен тұрақсыздық кесірінен экономикалық дамуда айтарлықтай артта қалған. Бұл мемлекеттерде мұнай болса да, оны игеруге мүмкіндік пен инфрақұрылым жетіспейді. Салыстырмалы түрде мұнайы жоқ Израильдің ЖІӨ-сі Суданнан 20 еседен астам жоғары. Бұл әртүрлілік аймақтағы даму теңсіздігінің бір көрінісі.
Қорғаныс бюджеті – қауіпсіздік пен ықпал үшін күрес
Таяу Шығыстың геосаяси маңызы – оның мұнайымен ғана емес, стратегиялық орналасуымен де байланысты. Сондықтан қорғаныс шығындары бұл аймақта ерекше мәнге ие. Global FirePower дерегі бойынша, Сауд Арабиясының қорғаныс бюджеті $71,7 млрд құрап, бүкіл аймақ ішінде бірінші орында тұр. Одан кейін Түркия ($40 млрд), Израиль ($24,4 млрд) және БАӘ ($15,5 млрд) келеді.

Алайда бұл көрсеткіштер әскери қуатты нақты көрсете бермейді. Израиль, мысалы, тек 24,4 млрд доллар бөлгенімен, Global FireIndex рейтингінде 17-орында тұр. Ал әлдеқайда көп қаржы бөлетін Кувейт, Оман, Ливия сияқты елдер 70-80-орындарда. Бұл — әскери техниканың сапасы, кадр даярлығы мен технологиялық артықшылықтың маңызын көрсетеді.
Айта кету керек, Иран 10 млрд доллара жуық қорғаныс бюджетімен 14-орында. Бұл – оның аймақтағы ықпалды мемлекет екенін білдіреді. Сонымен қатар Иранның әскери және саяси стратегиясы тек тікелей қарулы күшке емес, прокси күштер арқылы ықпал етуге бағытталған.
Аймақтың тәуекелдері мен тұрақты күштері
Таяу Шығыс елдерінің әлсіз тұсы – тұрақсыздық пен ішкі қақтығыстар. Сирия, Йемен, Ирак сынды елдерде ұзаққа созылған соғыстар мен діни-саяси шиеленістер экономиканы тежеп, мұнай өндірісіне де кедергі келтіруде. Иранға қарсы санкциялар да бүкіл аймақтың сауда ағынына әсер етуде.
Соңғы уақыттағы Иран мен Израиль қақтығысы — тек екі ел арасындағы емес, бүкіл Таяу Шығыс геосаясатын айқындайтын фактор. Бұл текетірес ұзақмерзімді әрі күрделі сипатқа ие, ал әлемдік державалардың араласуы жағдайды одан әрі күрделендіреді. Тікелей соғыс ықтималдығы төмен болғанымен, жанама соққылар мен прокси қақтығыстар жалғаса береді.
Сонымен қатар аймақтағы кейбір елдер (мысалы, Сауд Арабиясы мен Иран) арасындағы бәсекелестік пен діни қайшылықтар кейде қарулы қақтығыстарға ұласуы мүмкін. Бұл бүкіл әлемдік мұнай нарығына әсер ететін фактор.
Алайда қуатты тұстары да бар. Біріншіден, мұнай мен газдың дәлелденген қоры оларға ұзақ жылдар бойы қаржылай тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екіншіден, БАӘ, Катар, Сауд Арабиясы сияқты елдер экономиканы әртараптандыруға белсенді кірісіп, энергетикадан тыс табыс көздерін дамытып жатыр. Бұл – ұзақ мерзімді стратегияның белгісі.
Мұнаймен байыған аймақ – тұрақтылық пен трансформация алдында
Таяу Шығыс – тек энергия көзі ғана емес, сондай-ақ әлемдік геосаясаттың «жүрегі». Мұнай байлығы оларға экономикалық артықшылық береді, ал әскери әлеует – өздерін қорғауға мүмкіндік береді. Бірақ болашақ тек мұнайға қарап қалмауы керек. Аймақ елдері диверсификация мен технологиялық даму жолына бет бұрса, әлемдік аренада өз ықпалын арттыра түсері анық.
Дегенмен, тұрақсыздық қаупі сейілмей тұр. Экономикалық теңсіздік, саяси қақтығыстар мен діни айырмашылықтар – аймақтың басты сын-қатері. Осы сынақтарды еңсерген жағдайда ғана Таяу Шығыс нағыз әлеуетін аша алады.