
Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек әлемнің ең беделді театрларының бірі — Италиядағы «Ла Скала» академиясына қабылданып, Андреа Бочеллимен дуэт айтады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Алдын ала іріктеу кезеңіне 400-ден астам үміткер қатысып, олардың арасынан небәрі 12 үздік орындаушы таңдалған. Сол таңдаулылардың қатарында Қазақстанның атынан шыққан Әйгерім Алтынбек те бар.
Әйгерім — халықаралық вокалдық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері. Соның ішінде әйгілі композитор Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына арналған байқауда жеңімпаз атанып, Италияның Модена қаласында өткен Николай Гяуров атындағы жарыста үшінші орын иеленді. Сонымен қатар, әлемнің 470 өнерпазы бақ сынаған Рената Тебальди атындағы халықаралық вокал конкурсында екінші орын алған. Әйгерімге атақты италиялық сопрано Мирелла Френидің арнайы сыйлығы да бұйырған.
Әйгерім Алтынбек маусымның 25-і күні әлемге әйгілі тенор Хосе Каррерастың концертінде өнер көрсетеді. Бұл кеште әйгілі опера ариялары мен дуэттер шырқалады. Ал 27–28 маусымда Неаполь қаласында өтетін Андреа Бочеллидің мерейтойлық концертіне қатысып, аты аңызға айналған әншімен бір сахнада дуэт орындайды.