Жаңалықтар

Ресейде қазақстандық жазушының романы сатылымнан алынып жатыр

Жакоша
Коллаж: Kursiv.media

Қазақстандық жазушы Александр Левиннің «Жакоша» атты романы Ресейде сатылымнан алынып жатыр. Бұл туралы Ресейлік «Альпина» баспасы өз серіктестеріне арнайы хат жолдап, қай кітаптардың саудадан алынуы керектігін көрсетті.

Аталған тізімді ресейлік журналист Олег Кашин Facebook парақшасында жариялады. Онда 25 кітаптың атауы бар. Авторлардың қатарында Тамара Эйдельман, Илья Варламов, Максим Кац, Эдуард Лимонов, Михаил Зыгарь, Александр Левин және басқалар бар.

Александр Левиннің айтуынша, романның сатылымнан алынғаны туралы мамыр айының соңында ғана білген.

«Мен нақты қандай себеппен тыйым салынған жазушы атандым? Бөгде құндылықтардың қайсысы менің шығармамда орын алды: ЛГБТ ме, зорлық-зомбылық па, тәуелділік пе, жыныстық жұмыс па, әлде үй-күйсіз жандардың тағдыры ма? – деп жазды ол Facebook парақшасында.

«Жакоша» романы 2024 жылы Zerde Publishing баспасынан жарық көрген. Бұл – алкоголизмге шалдыққан журналист туралы хоррор жанрындағы шығарма. Кейіпкер әлеуметтік бейімдеу орталығына түсіп, шынайы қорқынышқа тап болады.