
АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран арасындағы қарулы қақтығыстың жақын арада аяқталатынын хабарлады. Бұл туралы Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде екі тараптың толық атысты тоқтату туралы келісімге келгенін жазды.
«Израиль мен Иран атысты толық және түбегейлі тоқтату туралы келісімге келді (қазірден бастап алдағы 6 сағат ішінде өздерінің соңғы әскери миссияларын аяқтап, шегінеді!). Осыдан кейінгі 12 сағатта соғыс ресми түрде аяқталады!», – деп жазды Трамп.
Трамптың айтуынша, Иран атысты тоқтату режимін бірінші болып бастайды, ал 12 сағат өткеннен кейін Израиль де оған қосылады. 24 сағат ішінде әлем 12 күнге созылған соғыстың ресми аяқталғанын көрмек.
«Бұл соғыс жылдарға созылып, бүкіл Таяу Шығысты жойып жіберуі мүмкін еді, бірақ ондай болмады және болмайды да! Құдай Израильді, Құдай Иранды, Таяу Шығысты, Америка Құрама Штаттарын және бүкіл әлемді жарылқасын!», – деп мәлімдеді АҚШ президенті.
Алайда Трамптың бұл мәлімдемесіне Иран мен Израиль тарапынан ешқандай ресми растау не жоққа шығару жасалған жоқ.
Қақтығыс қалай басталды?
13 маусым күні таңертең Израиль Иран аумағындағы ядролық және әскери нысандарға соққы жасады. Бұған жауап ретінде Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді. Осыдан кейін қос тарап бір-біріне соққы жасауды жалғастырып, қақтығыс 12 күнге созылды.
22 маусымға қараған түні АҚШ Иранның ядролық инфрақұрылымдарына ауыр әуе шабуылын ұйымдастырды.