
12 шілде күні Алматыдағы әйгілі «Медеу» мұз айдынында ерекше форматтағы жастар фестивалі өтеді. Level Up деп аталатын бұл шара әдеттегі көңіл көтеру кешінен гөрі әлдеқайда тереңірек мағынаға ие. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты — жас ұрпаққа өзіне адал болу, ішкі еркіндік пен саналы таңдауды насихаттау.
Алматы — үнемі қозғалыстағы қала. Мұнда бір күнде шабыттанып, күйіп, табылып, жоғалып үлгеруге болады. Жастар үшін бұл қала мүмкіндікке де, күйзеліске де толы. Түнгі серуендер мен таңғы кофе, жеңіл қиял мен терең ішкі дағдарыс — бәрі қатар жүретін қалада, жас адамның шынайы «менін» жоғалтып алуы да оңай.
Сол себепті соңғы жылдары жастар арасында айқын бір бетбұрыс байқалады. Есірткі мен зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстау — енді ұят емес, керісінше жаңа стильге айналып барады.
Level Up фестивалі осы тенденцияның көрінісі. Фестивальдің басты тақырыбы — тазалық: ойдың, жүректің, өмір салтының тазалығы. Бірақ бұл жерде ешкім ешкімге үгіт айтпайды. Барлығы еркін, шынайы, өміршең.
Фестиваль аясында түрлі музыкалық қойылымдар, өнер перформанстары, интерактив аймақтар мен шығармашылық кездесулер өтеді. Шақырылған қонақтардың қатарында Ninety One, Say Mo, Айкын, Alem, Brooklyn және бір жұмбақ хедлайнер бар.
Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында өтетін фестивальге билеттерді Ticketon сайтынан алуға болады.