Мысыр әуежайында қаза тапқан жолаушыға қатысты прокуратураға сұрау түспеген

Мысыр тарапы Шарм-эш-Шейх әуежайында жарнама тақтасы құлап, қайтыс болған жолаушыға қатысты прокуратураға сұрау салмаған. Бұл туралы «ҚазАқпарат» басылымына Бас прокуратура хабарлаған.
«Мысыр Араб Республикасында 2025 жылғы 17 мамырда қаза болған Қазақстан азаматы А.Мұқановаға қатысты жағдай осы іс бойынша тергеу жүргізетін Мысыр елінің құзыретті органдарының қарауында. Бұл оқиғаға қатысты Мысыр құқық қорғау органдарынан Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына сұраныс түскен жоқ», – делінген прокуратура жауабында.
Бас прокуратура «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Заңының 5-бабына сәйкес, шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқығы мен мүддесін қорғау дипломатиялық қызмет органдарының құзыретіне кіретінін хабарлайды. Яғни бұл істі Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы елшілігі жүргізеді.
Еске сала кетсек, 18 мамыр күні Астанаға ұшатын рейсті күтіп отырған қазақстандық жолаушылардың үстіне жарнама тақтайшасы құлап кеткені труалы ақпарат тарады. Бірнеше адамның зардап шеккені туралы ақпарат тарады.
Артынша, Сыртқы істер министрлігі Мысыр әуежайында оқыс жағдайда Қазақстан азаматы қайтыс болғанын растады.