Президент Wabtec, Philip Morris International компанияларының басшыларымен кездесті

Президент Wabtec және Philip Morris International компанияларының басшыларымен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында Қазастанда жұмыс істеп жатқан бірқатар халықаралық компанилардың өкілдерімен кездесу өткізген.
Президент Wabtec компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантанамен кездескен. Америкалық Wabtec корпорациясы көлік технологиясы бойынша көшбасшы компания саналады. Екі жақты кездесу барысында компанияның ұзақ жылдан бері Қазақстанның теміржол саласындағы сенімі серіктесіне айналғаны айтылды.Копорация елдегі жобаларға 230 млн доллардан аса инвестиция құйған.
«Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз локомотивтің жаңа түрлерін шығару, сервистік орталықтарды кеңейту, біліктілік орталықтарын құру және өндіріс локализациясын арттыру бағыттары бойынша компаниямен стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін жеткізді», – деп хабарлайды Ақорда.
Бұдан кейін Тоқаев Philip Morris International компаниясының ТМД және Орталық Азия өңірі бойынша президенті Марко Мариоттимен кездесіп, инвестициялық ықпалдастық жөнінде сөйлескен.
Аталмыш компания да елдің орнықты дамуына және жұмыс орындарында инновациялық жаңалықтар енгізуге үлес қосқан. Сонымен бірге Philip Morris International ірі салық төлеушілер қатарында. Компания 1994 жылдан бастап 2023 жылға дейін ел қазынасына 1,2 трлн теңге салық түсірген.
Айта кетсек, Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында президент инвесторлар үшін әзірленіп жатқан Салық кодексінде үлкен жеңілдіктер қарастырылып жатқанын айтқан болатын.