Жаңалықтар

Жаңа Салық кодексінде инвесторларға көптеген жеңілдіктер қарастырылады – президент

Шетелдік интернет-платформалар 2022 жылдан 83 млрд теңге салық салық төлеген / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Тоқаев әзірленіп жатқан Салық кодексінде инвесторларға көптеген жеңілдіктер қарастырылғанын айтты / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әзірленіп жатқан Салық кодексінде инвесторларға көптеген жеңілдіктер қарастырылатынын айтты. Бұл туралы президент Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысында айтты.

«Прокурорлық сүзгі»

Тоқаев Қазақстанда инвесторлар құқығы қорғалатынын, бұл мақсатта арнайы «прокурорлық сүзгі» механизмі енгізілгенін атап өтті.

Оған сәйкес, 2025 жылдан бастап, мемлекеттік органдар Бас прокуратураның алдын ала келісімінсіз инвесторларға қатысты тексеру жүргізуге, әкімшілік іс қозғауға, талап-арыз беруге немесе қандай да бір шектеу енгізуге құқығы жоқ.

«Біз Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны іске қостық. Ол инвестицияларға қатысты мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіріп, кеңес беруден бастап рұқсат алуға дейінгі барлық үдерісті қамтиды. Бұдан бөлек, іскерлік белсенділікті ынталандыру және экономикаға жеке инвестиция тарту үшін жаңа Салық кодексі Сенат қарауына енгізілді. Құжат жергілікті өндірісті дамытатын инвесторларға мақсатты жеңілдіктер беруді және қосылған құны жоғары өнім экспорттаушыларды қолдауды қарастырады», – деді ол.

Сонымен бірге президент шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты дамытудың болашағы зор бағыттарына назар аударып, әсіресе Қазақстанның индустриялық әлеуетін арттыру мәселесін ерекше атап өтті.

Роялти тәртібі

Бұл орайда тау-кен саласының рөлі зор. Бұл сала еліміздің өңдеу өнеркәсібінің негізгі тірегі саналады. Қазақстанда тау-кен өнеркәсібі мен металлургия саласында инвесторларға ашық, жан-жақты заңнама арқылы тұрақты әрі қолайлы юрисдикция қалыптастырылғаны айтылды. Ал жаңа Салық кодексінде бұл тетік нығая түсіп, шикізатты терең өңдейтін инвесторлар үшін роялти тәртібі енгізілмек.

«Жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде еліміздегі геологиялық барлау жұмыстарына әлемдік ірі ойыншылар – Rio Tinto, Fortescue, Ivanhoe, First Quantum және Tech Resources компаниялары келді. Жаңа Салық кодексінде шикізатты ел ішінде терең өңдеуді ынталандыратын роялти тәртібі қарастырылады. Еліміздің бай минералды-шикізаттық базасы, жер қойнауын пайдаланудағы заманауи заңнамасы мен ашық салық жүйесі жаһандық тізбектегі маңызды минералдарды жеткізу бойынша стратегиялық орнымызды қамтамасыз ететініне сенімдіміз», – деді президент.