Тоқаев сот қызметкерлері күнімен құттықтады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев ардагерлерге, отандастарға зор денсаулық, бақ-береке тіледі / akorda
Тоқаев судьялар мен сот қызметкерлерін құттықтады / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Судьялар мен сот қызметкерін құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент биылғы жылды сот төрелігін атқаруға жауапты азаматтар үшін айрықша маңызды жыл екенін, 30 жыл бұрын елдің Ата заңы қабылданғанын айтты.

Тоқаев қуатты әрі тәуелсіз сот жүйесі құқық үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру ісінде шешуші рөл атқаратынын, сол себепті елде бұл салада жүйелі түрде реформа жүргізіліп келгенін атап өтті.

«Сот ісі жетілдіріліп, басқару үдерістері оңтайландырылып, осы салаға цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. 1 шілдеден бастап қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі үш дербес кассациялық сот жұмыс істей бастайды. Бұл қадам азаматтардың және бизнестің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған институционалдық мүмкіндігін едәуір аттырады», – деді президент.

Сонымен бірге халықтың әділдікке сенімін қалыптастыруда судьялардың атқаратын рөлі зор екенін айтты.

«Жұртшылықтың әділдікке деген сенімі көбінесе судьялардың кәсіби біліктілігіне, кез келген істі қараған кезде ұстанымына берік болып, бейтараптық таныта алуына тікелей байланысты. Осы маңызды әрі жауапты миссия терең құқықтық білімді, заң үстемдігін үнемі бәрінен биік қоюды талап етеді. Сот қызметкерлері мен ардагерлеріне қажырлы еңбегі мен өз кәсібіне адалдығы үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер Әділетті Қазақстанды құру ісіне өлшеусіз үлес қоса бересіздер деп сенемін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін!» – деді Тоқаев.

Айта кетсек, кеше 23 маусым күні президент мемлекеттік қызметкерлерді құттықтаған болатын. Тоқаев 2019 жылдан бері елде қылмыстық құқықбұзушылық саны екі есе азайғанын, салада түрлі реформалар жүргізіліп, заң мен тәртіп орнағанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз