Lifestyle

Қазақстандағы ең бай әйелдер

Ең бай әйелдердің тізіміне іліккен 7 әйел бар / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Ең бай әйелдердің тізіміне іліккен 7 әйел бар / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы ең бай әйелдер кімдер? Әдетте, миллиардер не миллионерлер десе, көз алдымызға ер адамдар келеді.

Десе де, «шіріген байлардың» тізімінде қазақ әйелдері аз емес. Forbes Kazakhstan-ның соңғы рейтингі бойынша, оған үш әйел ілігіп отыр.

Жалпы, ірі капиталымен көзге түскен 7 әйел әр кезде осы тізімнен көрінген.

Әрине, олардың кейбірі елге кеңінен танымал. Таныстырып жатудың өзі артық. Мәселен:

Динара Құлыбаева

Динара ҚҰлыбаева / фото: KursivMedia мұрағаты
Динара ҚҰлыбаева / фото: KursivMedia мұрағаты

Динара Құлыбаева бұл тізімінде көш бастап тұр. Тіпті, жалпы рейтингте 4-орынға шықты. Күйеуі Тимур Құлыбаевпен бірге әлемдегі ең ірі миллиардерлердің тізімінде 673-орында.

Капиталы – 5 300 000 000 АҚШ доллары. 2013 жылы оның байлығы 1,3 млрд АҚШ доллары деп көрсетілген еді. Демек, 12 жылда байлығы бес есе өскен.  

Динара Құлыбаева күйеуі Тимур Құлыбаевпен бірге «АЛМЭКС» холдингтік тобын (69,77 %) тең иеленеді.

«Қазақстан Халық жинақ банкі» АҚ-ның активтері 18,55 трлн болды.

Мамыр айының соңында Динара мен Тимур Құлыбаевтардың дәулеті 180 млн долларға артқаны белгілі болды. Ерлі-зайыптылар бір саты жоғары тұрған Владимир Кимді байлық көрсеткіші жағынан өкшелеп келеді.

Дариға Назарбаева

Дариға Назарбаева / фото: ашық дереккөзі
Дариға Назарбаева / фото: ашық дереккөзден

Дариға Назарбаева ең бай әйелдер тізімінде екінші сатыда тұр. Жалпы Қазақстандағы бай адамдардың рейтингінде 17-орынға жайғасып отыр.  Байлығы 571 000 000 АҚШ доллары болады деп көрсетілген. Бұдан он екі жыл бұрын капиталы 595 000 000 АҚШ доллары еді. Дариға соңғы он екі жылда 24 000 000-ға «кедейленген».

Оның себебі де жоқ емес. Дариға Назарбаева ұлы Нұрәлимен бірге НТК, «Европа плюс Қазақстан» және бірқатар медиа-компаниялардың иесі болған. «Думан» қонақүйі мемлекеттік меншікке қайтарылды.

«DLS Group» холдингтік компаниясы арқылы «Регион-Медиа» ЖШС, «Наружная Реклама-Регионы» ЖШС, «Телефабрика Дала» ЖШС компанияларда үлесі бар.

Айжан Есiм

Айжан Есім / фото: ашық дереккөзі
Айжан Есім / фото: ашық дереккөзден

Айжан Есім Қазақстандағы ең ірі 75 кәсіпкердің тізіміне кіріп отыр. Ауқатты әйелдердің ішінде үшінші орын алды. Капиталы – 210 000 000 АҚШ доллары.

Айжан Есім «Қазфосфат» ЖШС-ны сатудан түскен табысы байлығының негізі болып отыр. Компанияда (Forbes рейтингінде 19 орындағы) Ғалымжан Есеновпен бірге Kazphosphate Limited британдық компаниясы арқылы акционер болған.

Оның фитнес пен азық-түлік өндірісі салаларында үлесі бар. Айталық, «Sport Center» ЖШС – KRIDA фитнес-клубының иесі. «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» ЖШС, «Алматынан» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС-да.

Тізімнен кімдер көрінді?

Айта кететін жайт, Динара Құлыбаева мен Дариға Назарбаева ұзақ уақыттан бері бұл тізімнен түспей келеді. Айжан Есім – жаңа есімдердің бірі. Әзірге осы үш әйел Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің тізіміне кірген.

Десе де, олардан бөлек Forbes тізіміне іліккен әйелдер аз емес. Түрлі себеппен олардың бұл тізіммен сырғып түскені аңғарылады.

Ұзақ уақыт дәуірі жүрген де, жылт етіп көрінген де төрт бизнесвумен бар. Атап айтқанда:  

Айгүл Нұриева

Айгүл Нұриева / фото: ашық дереккөзі
Айгүл Нұриева / фото: ашық дереккөзі

Соның бірі – Айгүл Нұриева. Қазақстандағы ең бай екі әйелдің бірі еді. Апалы-сіңілі Дариға мен Динараның ортасында тұрды.

2015 жылы Айгүл Нұриева Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай адамдар рейтингінде 7-орында, ал ең ықпалды бизнесмендер қатарында 11-орынды иемденді. Соңғы дерек бойынша, байлығы 920 млн доллар деп бағаланған.

Десе де, 2016 жылдан кейін оның байлығы туралы ақпарат саябырси бастаған.

Айгүл Нұриева «Alem Communications» компаниясын TeliaSonera-ға 170 млн АҚШ долларына сатқан. Сондай-ақ «Қазақтелеком», «Мобайл Телеком-Сервис» және «Казкоммерцбанк» сынды ірі ұйымдарда үлеске ие, 2005 жылдан бері қазірге дейін Bodam B.V. директоры әрі жалғыз иесі болды.

Соңғы жылдары басынан бағы тая бастады. Британдық SFO Айгүл Нұриеваға қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат тарды. Алайда аталған мекеме бұл ақпаратты растамады, жоққа да шығармады. Кәрім Мәсімовпен байланысы бар деген күдікке ілігіп отыр.

Софья Сарсенова

Софья сәрсенова / фото: ашық дереккөзі
Софья Сәрсенова / фото: ашық дереккөзі

Ең бай әйелдер тізімінде 400 000 000 АҚШ долларымен Софья Сарсенова да көрінген еді. Он екі жыл бұрын жалпы рейтингте 18-орында тұрған болатын.

Софья Сарсенова «Нұрбанк» акционерлік қоғамының негізгі иелерінің бірі еді. «Гелиос» жанармай бекеттер желісімен де байланысты болған.

Альфия Қуанышева

Альфия Қуанышева / фото: ашық дереккөзі
Альфия Қуанышева / фото: ашық дереккөзі

Альфия Қуанышева жұбайы Тимур Қуанышевпен бірге жалпы ауқатты қазақстандықтардың рейтингінде 24-орында тұрды. 2013 жылғы дерек бойынша, капиталы – 300 000 000 АҚШ доллар. Табыс көзі мұнай, инвестициялар, құрылыс, қаржы салалары болды.

Нина Жүсіпова

Нина Жүсіпова / фото: ашық дереккөзі
Нина Жүсіпова / фото: ашық дереккөзі

«Қазкоммерцбанк» басқармасының төрайымы, Central Asian Investment Company арқылы банк капиталының үлесіне ие болған Нина Жүсіпова да тізімге іліккен-ді.

Жалпы рейтингте 48-орынға дейін көтерілді. Байлығы 83 000 000 АҚШ доллары шамасында деп көрсетілді.