1948 жылдан бері тыншымаған Таяу Шығыс 2025 жылы да тынышталмайды – Мәжіліс депутаты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Мәжіліс депутаты Таяу Шығысқа қатысты болжам жасады / фото: shutterstock
shutterstock

Мәжіліс депутаты әрі саясаттанушы Самат Нұртаза Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікір білдіріп, осындай болжам жасады.

Ол – Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Депутаттың пікірінше, бұл шиеленіс ұзаққа созылады.  

«Тарихи қақтығыс»

«Иран мен Израиль мемлекеттері арасындағы жағдай бұрынан шиелесіп тұр. Бірін-бірі бомбалады. Бірін бірі мойындамайды. Израиль Хамаспен, Хеболламен соғысты. Соңғысын Иран қолдады. Бұл кеше ғана пайда болған қақтығыс емес. Тарихи, діни, мәдени қақтығыс деп есептеймін. Бұл шиеленіс ұзаққа созылады», – деді мәжіліс депутаты.

Самат Нұртазаның айтуынша, Иран Ормуз бұғазын жапқысы келді. Онда бұл өте ауыр шешім болар еді.

«Бірақ Иран өлетін жері біледі. Сондықтан жаппады. Ормуз бұғазы арқылы Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Ирак, Бахрейн және Сауд Арабиясы мемлекеттерінің мұнай таситын кемелері жүзеді», – дейді Мәжіліс депутаты.

«Трамп популистеу адам»

Бір қызығы, АҚШ президенті Дональд Трамп «соғыс тоқтайды, тараптар келісімге келді» деп мәлімдемесінен кейін Израильдің зымырандары Тегеранға түскен. Бұл туралы политолог-депутат ойын айтты.   

«Трамп популисттеу адам. Қысқа уақыт ішінде Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату туралы мәлімдемесі қандай нәтиже бергенін көріп отырмыз. Көрісінше Таяу Шығыста тағы да бір соғыс ошағы пайда болды. Сөзі мен ісі бөлек адам болып шықты. Мұны дүниежүзі көріп отыр», – деді Самат Нұртаза.

Израильдің сүйікті әдеті

Депутаттың сөзіне қарағанда, жанжал биыл біте қоймайды. Әлі де жалғасады. Десе де, ауыр фазасыдан өтіп, тынышталуы мүмкін.

«Арасында зымырандар ұшып, террактілер болуы ғажап емес. Иранның генералдарына қастандық жасау – Израильдің сүйікті әдеті. Десе де, тараптар итжығыс түседі», – деп болжайды депутат.

Самат Нұртазаның болжамынша, Газа мен Палестина зардап шеккен күйі қала береді. Өкінішке қарай, Еуропа мен Америкада өтіп жатқан митингілер нәтиже бермейді.

«Арабтарда ауызбіршілік жоқ»

Палестиналықтарды бауырлас араб мемлекеттері қабылдамай отыр. Газа тұрғындарын шекаралас жатқан Мысырдың көшіріп әкетуге мүмкіндігі бар еді. Бірақ Мысыр билігі бұдан бас тартқан. Қатар, БАӘ секілді мемлекеттер де қол ұшын бермейді.

«Өйткені, бұл жерде саясат, экономика алға шығады. Мәселен, мұсылман әлемі де қақ жарылған. Біреуі Иранды қолдайды, біреуі жау көреді. Иран бомбалап жатқан АҚШ базалары мұсылман елдерінде орналасқан. Мұның бәрі – үлкен проблеманың айқын көрінісі. Тұтастық жоқ, бірлік жоқ. Алауыздық. Таяу Шығыстағы жағдай 1948 жылдан бері тынышталған жоқ. 2025 жылы бәрі тынышталады дегенге сенбеймін», – дейді Мәжіліс депутаты.

Самат Нұртазаның пікірінше, осы оқиғалар қоғамды бейбітшілік пен ашық аспанның қадірін білуге итермелеуі тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз