«Үстел жоқ, терезе жақтауында отыр»: Берік Уәли әкімдікке 500 млн-ға жиһаз алмақшы

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Берік Уәли
Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Абай облысының әкімі, президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы Берік Уәли әкімдік ғимаратын жаңалауға көшті. Премиум санаттағы, былғары жиһаздар алуға 400 млн теңге жұмсамақшы. Хабарландыру мемлекеттік сатып алу порталына жарияланған деп жазады Juzmedia сайты.

Лоттарды облыстың қаржы басқармасы жариялаған. Тендерге өтініш қабылдау 19 маусымда басталып, 26 маусымға дейін жалғасады.

Құжаттарға сенсек, әкімдік былғарымен қапталған кресло мен диван, емен ағашының түсіндей үш метрлік үстелге тапсырыс берген. Одан бөлек тартпалары қайта өңделген теріден жасалған, резеңкеленген дөңгелектері бар тумба сұратқан.

Тапсырыс ішінде күйдірілген емен түстес төрт метрлік шкаф, журналды үстел деген лоттар бар.

«Үш орынды диван, қаптамасы – былғары. Ұйықтайтын орны: кемінде 190 см / 100 см. Каркасы: брус, қатты ағаш, жиһаз қалқаны. Таяныштары – ағаш. Материалы – табиғи былғары. Екі орынды диван, каркасы: брус, қатты ағаш, жиһаз қалқаны. Таяныштары – ағаш. Материалы – табиғи былғары. Кресло: қаптамасы – былғары, каркасы – брус, қатты ағаш, материалы – табиғи былғары», – деп жазылған техникалық сипаттамада.

Барлығы 545 үстел, 79 брифинг консолі, 839 тумба, құжаттарға арналған 405 шкаф, киімге арналған 309 шкаф, 38 конференция үстелі, 51 металл стеллаж және 46 қабырға жиһазына тапсырыс берілген.

Қызметкерлер терезе төсенішінде жұмыс істеуге мәжбүр

Облыс әкімдігінің ғимаратын жаңалау туралы ақпарат шыққаннан кейін ресми түрде жауап берді. Абай облысы әкімінің баспасөз қызметішісі Азамат Қасымның сөзінше, әкімдіктің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Кейбір басқармалары жиһаздарды өздері әкеледі. Ал қызметкерлер үстел мен орындық жоқтығынан терезе төсенішінде жұмыс істейді.

«Абай облысы құрылған сәттен бастап (2022 жылы) бүгінгі күнге дейін облыс әкімінің аппараты мен оған қарасты 23 басқармаға жиһаз сатып алуға қатысты мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмеген. Қазіргі таңда облыс әкімдігінде 639 қызметкер жұмыс істейді. Барлық қызметкерлер Семей қаласы әкімдігінің есебінен шығарылған, бұрын пайдаланылған жиһазбен қамтамасыз етілген немесе жиһазды өздері әкелген басқармалар да бар. Облыс әкімдігі алғаш құрылған кезде кейбір қызметкерлер үстел мен орындықтың жоқтығынан терезе жақтауында жұмыс істеуге мәжбүр болды.», – деп жазды ол әлеуметтік желіге.

Бұған дейін 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жиһазбен қамтамасыз ету мақсатында арнайы конкурс жарияланған. Бірақ ұсыныс берушілер құжаттаманы талапқа сай толтырмағандықтан жеңімпаз анықталмаған. Содан кейін конкурс жетінші реті қайта жарияланған.

«Бұл конкурсқа қатысуымыздың мақсаты 639 адамның жұмыс істеуіне қажетті (үстел, қағазға арналған тумба, қағазға арналған шкаф, сырт киімге арналған шкаф, келушілерге арналған орындық /кресло) кеңсе жиһаздарын сатып алу. Конкурс нәтижесінде облыс әкімінің аппараты мен басқармаларындағы қызметкерлер заманауи және талапқа сай жиһазбен қамтамасыз етілетін болады», – деп атап өтті облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасым.

Еске салайық, осы жылы 17 ақпанда Тоқаев бұйрығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды. Оған дейін президенттің баспасөз хатшысы қызметінде болған еді.

Сарапшылар бұл кадрлық өзгеріске саясаткердің біліктілігінен бұрын мемлекет басшысына жақындығы әсер етті деп есептейді. Андрей Чеботаревтың пікірінше, Президент Тоқаев әлі де сенімінен шыққан тұлғаларға бәс тігіп отыр.

«Берік Уәлиге қатысты айтарым, оны сыннан өткізіп, төселтіп жатыр. Яғни кәсіби тұрғыдан өсуі үшін оны түрлі лауазымды қызметтерге қойып көреді. Берік Уәли Абай облысын менеджер ретінде басқарады. Негізгі күш оның экономика, әлеумет және өңірлік даму бойынша орынбасарларына түседі», – деген еді ол Kursiv тілшісіне.

Сондай-ақ оқыңыз