LRT пойыздарының операторлары Қытайға оқуға кетті

LRT пойыздарының 29 операторы қытайлық Тяньцзинь қаласында дайындықтан өтеді. Мамандар тереңдетілген теориялық курс, симуляторда төтенше жағдайларды сынап көру және тәжірибелік сабақтар деген үш модуль бойынша білім алады. Бұл туралы «City Transportation Systems» компаниясынан хабарлайды.
Қытайда білім алу – дайындықтың екінші кезеңі. Бұған дейін операторлар Астанада теориялық курс оқыған еді. Дайындықтың соңғы, қорытынды кезеңі де Астанада өтеді. Мамандар LRT пойыздарында тәжірибеден өтіп, тікелей жұмысқа кіріспекші.
«Бұл бағдарламаның мақсаты – поездарды қауіпсіз және тиімді басқара алатын, LRT жүйелеріндегі ақауларды жоя алатын білікті мамандар дайындау», – деп атап өтеді компаниядан.
Астанадағы оқуда Тяньцзинь метрополитені және Чжэнчжоу теміржол кәсіби-техникалық институты оқытушылары келіп сабақ берген еді. Тяньцзинь қаласындағы оқуда мамандар Астанадағы климатқа сәйкестендірілген, заманауи симуляциялық бағдарламадан өтеді.
Оқу 10 қыркүйекке дейін созылады.
Сity Transportation Systems – LRT құрылысына жауапты компания. Осы жылы маусымда кешеннің алғашқы екі вагонын рельске қойды. Арада бір күн өткеннен кейін, 12 маусымда екінші вагондар құрамын рельске орнатты. Жалпы барлық вагондар осы жылы қыркүйекте техникалық сынақтан өтуі керек.