Несие төлеу қиындаса, банкпен келісуге бола ма?

Жарияланды 24 Маусым 2025 08:38

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Несие төлеу қиындаса не істеу керек / Фото: ашық дереккөзден

Несиені қайтару қиынға соғып, ай сайынғы төлемдер қалтаңызға жүк болатын жағдайлар кездеседі. Бірақ банктен хабарласқан операторлардың телефонын алудан қашпаңыз. Кез келген жағдайда банкпен келісуге мүмкіндік бар. Назарларыңызға несие төлеуді жеңілдететін төрт әдісті ұсынамыз.

Қайта құрылымдау

Қарызды қайта құрылымдау – банкпен арадағы қазіргі несие келісім-шартын қайта өзгерту. Яғни бұл тәсіл аясында ай сайынғы төлемді азайтуға, несие мерзімін қысқартуға және пайыздық мөлшерлемені төмендетуге болады.

Қайта құрылымдауға өтініш беру үшін банкке қаржылық жағдайыңыздың қиындағанын растайтын құжат керек. Мысалы,

  • банкрот болғанын
  • ауыр науқасқа шалдыққанын
  • мүгедек болғанын
  • декретке шыққанын
  • әскерге шақырғанын растайтын құжаттар қажет.

Заңға сәйкес, кредиттік ұйым несиенің мерзімі өткені туралы клиентке 20 күн ішіне ескертуі керек. Клиент те несиесінің мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде қарызды қайта құрылымдау туралы өтініш бере алады.

Қайта құрылымдау жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің кеңесін толығырақ мына жерден оқуға болады.

Қайта қаржыландыру

Қайта қаржыландыру – ескі кредитті жабу үшін жаңа кредит алу. Ол үшін қаржылай жағдайыңыз қиындағанын растайтын құжат жинау қажет емес. Қайта несие тарихы жақсы, қарызын тұрақты түрде төлеп жүрген, бірақ бірнеше жерге несие төлеуден шаршаған клиенттерге арналған. Бұл тәсілдің аясында:

  • несие мерзімін ұзартып, ай сайынғы төлемді азайтуға
  • бірнеше қарызды бір несиеге біріктіруге
  • пайыздық мөлшерлемені төмендетуге болады.

Қайта қаржыландыру үшін банктерге өтініш беру керек. Егер банк келісім бермесе, Қаржы нарығын реттеу агенттігіне немесе банк омбудсменіне жүгінуге болады.

Қайта қаржыландыру ұсынатын банктің ірі – Home Credit Bank. Банктен 8,5 млн теңгеге дейінгі соманы бес жылға ала аласыз. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 23,2% – 45,9% аралығында болады. Дәл осындай шартпен «ЦентрКредит Банкінен» де қайта қаржыландыруға несие алуға болады.

Ал Bereke Bank 8 млн теңгеге дейінгі соманы 5 жылға береді, жылдық сыйақы мөлшерлемесі сәл жоғары, 32%-46% аралығында. Freedom, AltynBank, Halyk банкі де қайта қаржыландыру қызметін ұсынады.

Кредит мерзімін ұзарту

Несие төлеу қиындаса, оны жеңілдетудің оңай жолы – кредит мерзімін ұзарту. Банкпен қосымша келісім жасап, кредит төлеу графигін өзгертуге болады. Мәселен, үш жылға несие алсаңыз, оны тағы да үш жылға создыра аласыз. Есесіне ай сайынғы төлем құны азайып, қалтаңызға жүк болмайды.

Ол үшін банкке өтініш беру керек. Бірақ ескеретін дүние бар. Кредит уақытымен бірге қосымша пайыз көлемі де өсе түседі.

Кредит төлеуді уақытша тоқтата тұру

Банктер ұсынатын тағы бір әдіс – несие төлеуді уақытша тоқтату немесе «несие үзілісі». Кем дегенде бір-үш айға кредиттен үзіліс алуға болады. Бірақ ол үшін өте салмақты жағдай себеп болу керек. Мәселен, 2020 жылы коронавирусқа байланысты пандемия болған кезде, кейбір қазақстандықтар несие төлеуді уақытша тоқтата тұрды.

Одан бөлек жұмысын жоғалтқан кезде, қатты ауырғанда, өрт, су тасқыны тәрізді апатты жағдайларда кредиттен үзіліс алу мүмкіндігі бар.

Өткен жылы әскерге кеткен сарбаздарға да осындай мүмкіндік ұсынылды. Олар әскерде болған кезде және келгеннен кейін екі айға дейін кредитті төлемей тұруына мүмкіндік берді. Ол аралықта айыппұл және өсімпұл салынбайды.

«Кредиттік демалыс» аяқталғаннан кейін банк ай сайынғы төлемді көбейтуі мүмкін. Және үзіліс болған уақыт үшін пайыз да қосыла береді.

Айта кетейік, келесі жылдан бастап елімізде тұтынушылық несие алу қиындай түседі. Жаңа өзгерістер жайды толығырақ мына жерден оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз