
Байқоңырдағы жалға берілген жер аумағы көшірілуі мүмкін. Ол үшін арнайы экономикалық аймақ құрылады. Бұл жайлы премьер-министр Олжас Бектеновтың депутаттық сауалға жауабында жазылған.
Аумағы 1747 шаршы шақырым болатын бөлікті жалға алынған жер телімінің құрамынан шығару жұмыстары жүргізіледі. Ол жерде арнайы экономикалық аймақ құрылып, отандық ғарыш жобалары мен шетелдік мемлекеттердің стартаптарын іске асыру жоспарланып отыр», – деп жазылған премьер-министрдің жауабында.
Сондай-ақ ол «Союз-5» зымыран тасығыштарының өндірісі «Байқоңыр» ғарыш айлағына көшірілуі мүмкін екенін айтты. Бектеновтың атап өтуінше, «қазір Ресей және басқа мемлекеттер, жеке шетелдік әріптестермен бірігіп, Байқоңыр кешенін дамытуға ерекше назар аударылып отыр«.
Бүгінде ғарыш айлағындағы он ұшыру кешенінің үшеуін ресейлік тарап пайдаланады (екі «Протон-М» зымыран тасығышы, бір «Союз-2» зымыран тасығышы). Ғарыш айлағының инфрақұрылымы мен кадрлық потенциалын сақтау үшін Мәскеумен «Бәйтерек» зымыран кешенін құру бойынша ортақ жоба орындалып жатыр. Ол кешеннен «Союз-5» зымыран тасығышын ұшыру осы жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Еске салайық, осыған дейін «Роскосмос» Азия елдерімен екі ғарыш айлағын салу жөнінде келіссөз жүріп жатқаны хабарланған еді. Әзірге нақты қандай мемлекеттер екені белгісізі.
Ресей Қазақстан аумағында орналасқан Байқоңыр айлағын 2050 жылға дейін жалға алған. Бір жылға жалға алу ақысы – 115 млн доллар.
Биыл ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толды. Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтап, «Байқоңыр» айлағы – Қазақстан мен Ресейдің достыққа, тату көршілікке және өзара түсіністікке негізделген ұзақмерзімді стратегиялық серіктестігінің жарқын көрінісі деп атап өтті.