Жаңалықтар

Жыл басынан бері Алматының инвестиция белсенділігі 28%-ға өсті

Алматы өнеркәсібі
Фото: Алматы әкімдігі

2025 жылдың алғашқы бес айында Алматының инвестиция белсенділігі 28%-ға өсті. Өсу көрсеткішінің қарқыны барлық секторда байқалады деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Өнеркәсіп өндірісінің динамикасы көңіл көншітеді. Нақты көлем индексі 114,1%-ға жетті. Әсіресе өңдеу өнеркәсібінде өсім деңгейі жоғары 16,2%-ды құрайды.

Құрылыс секторы жоғары қарқынмен дамып жатыр: орындалған жұмыс көлемі 200,4 млрд теңгені құрады, бұл 24%-ға тең. Барлығы 1,1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді (+12,2%). Сонымен қатар, көппәтерлі инфрақұрылымға сұраныс артты (20%- ға өсті).

Сауда саласында да оң динамика бар: жалпы өсім 4,4%, соның ішінде бөлшек сауда – 7,9%, көтерме сауда – 3%.

Көлік пен қойма қызметі көлемі 24,4%-ға артқан. Бұл мегаполистің логистикалық және іскерлік белсенділігінің жандануын көрсетеді. Байланыс секторы 3,3%-ға тұрақтады.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 28,2%-ға өсіп, 714,4 млрд теңгеге жетті. Салымның едәуір бөлігі, 557,5 млрд теңге, жеке инвесторлар есебінен қамтамасыз етілді. Бұл бизнестің қала экономикасына деген сенімін растайды.

Айналым мен сыртқы сауда өскен. 2025 жылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда айналымының көлемі (ЕАЭО елдерін есептемегенде) 7,8 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорт 7%-ға, импорт 2,2%-ға өсті.

Тағы бір атап өтетін жайт. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында қалада өндірілген өнім көлемі 976,2 млрд теңгеге жеткен.  Ең үлкен өсім машина жасау саласында байқалған.