Қазақстанда 1 шілдеден бастап жаңартылған Kia K8 сатылымы басталады

Жарияланды 24 Маусым 2025 14:14

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Kia K8-дің нақты бағасы 1 шілдеде, ресми сатылым басталған күні жарияланады / Фото: kia.com.kz

1 шілдеден бастап Қазақстанда Kia K8 бизнес-класты седанының сатылымы басталады. Автокөліктің бағасы әзірге жарияланбады.

Allur Motor Qazaqstan компаниясының мәліметінше, жаңартылған модельдің дизайны мен салоны және техникалық сипаттамасы жағынан ерекшеленетін тұстары көп.

Премиум санаттағы Kia K8 несімен ерекшеленеді

Kia K8 Smartstream топтамасы 300 ат күшіне ие 3,5 литрлік атмосфералық бензинді GDI қозғалтқышымен жабдықталған. Ол тиімділігі мен жылдам ауыстыру қабілеті жақсартылған сегіз сатылы автоматты беріліс қорабымен жұмыс істейді. Бизнес-седан мәртебесін айқын көрсететін өлшемдері (5 050 × 1 880 × 1 465 мм) мен спорттық диск дизайн да назар аудартады.

Ішкі салоны премиум материалдармен көмкерілген. Панорамалық дисплей екі 12,3 дюймдік экраннан тұрады. Салонды жарықпен әрлеу жүйесі, сенсорлы руль, ал орталық тірек — жылыту және ультракүлгін стерилизация функциясымен жабдықталған.

Kia K8 салоны / Фото: kia.com.kz

Компанияның баспасөз қызметі Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген «қысқы пакет те»  қарастырылғанын атап өтті. Бұл пакетке алдыңғы әйнек, жуғыш форсункалар, руль және барлық орындықтардың жылыту жүйесі кіреді. Сондай-ақ дыбыс оқшаулауы жақсартылған, қос қабатты терезелер мен дыбыссыз шиналар орнатылған. Салқындату және желдету жүйелерімен жабдықталған орындықтар, жүргізуші орындығында массаж және жылдамдыққа бейімделетін автоматты қосалқы тірек бар.

Технология мен қауіпсіздік

Kia K8 салонында 14 динамикасы бар премиум Meridian аудиожүйесі, салқындатқышпен жабдықталған сымсыз қуаттағыш, сондай-ақ алдыңғы панельдегі әмбебап басқару блогы арқылы мультимедиа мен климатты басқару жүйесі орнатылған.

Көліктің базалық жабдықтауына заманауи жүргізуші көмекшілері де кіреді: екінші буындағы жолақта ұстау ассистенті, автоматты тежеу жүйесі, көрінбейтін аймақтарды бақылау, қауіпсіз шығу функциясы мен интеллектуалды автотұрақ жүйесі. Барлық нұсқаларда 10 қауіпсіздік жастығы бар.

Фото: kia.com.kz

Қозғалтқыш пен жетек жүйесі

Қазақстан нарығы үшін Kia K8 ең қуатты атмосфералық 3.5 GDI қозғалтқышымен (300 а.к., 359 Н·м) ұсынылады. Ол 8 сатылы автоматты беріліс қорабымен жұптасады. Бұл модель алғаш рет толық жетек жүйесімен де қолжетімді болады.

Жаңартылған бизнес-седанның нақты бағасы 1 шілдеде, ресми сатылым басталған күні жарияланбақ. Айта кетейік, қазіргі уақытта K8-дің алдынғы буыны 24,4–27,4 млн теңге аралығында сатылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз