Жаңалықтар

Астанадағы ойын алаңында соққы алған жігіт полициядан қысым көріп жатқанын мәлімдеді

ZUZU ойын-сауық орталығындағы жанжалдан кейін зардап шеккен отбасыға қысым көрсетіліп жатыр / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Астанадағы ZUZU балалар ойын алаңда ер адам інісіне араша түскен жасөспірімді қан жоса қылып ұрып тастаған. Жас жігіттің соққыға жығылған видеосы әлеуметтік желіде таралып, қызу  талқыға түсті.  

Оқиғаның мән-жайы

Оқиға 19 маусым күні кешкі сағат 20:30 шамасында орын алған. Бейнебақылау камерасынан алынған видеоға сәйкес, дау екі бүлдіршіннің арасындағы келіспеушіліктен басталған. Артынша кикілжіңге балалардың бірінің 18 жастағы ағасы араласып, екінші баланы сәл ығыстырып, төбелесуге болмайтынын ескерткен.

Кейін алаңға екінші баланың анасы келеді. Әйел ағайынды бауырларға балағат сөздер айтып, жанжал шығарған. Артынша баланың әкесі де келеді. Ер адам баланың ағасын мойнынан ұстап, қақпа жаққа сүйреп апарып, бетіне және басына бірнеше соққы жасаған. Сондай-ақ, кеудесінен теуіп, аяусыз ұрған. Салдарынан жас жігіт есінен танып қалған. Куәгерлер мен бейнежазба мәліметтеріне жүгінсек, шабуыл қолға киілетін кастетпен жасалған.

Әйелдің айтуынша, оның кіші ұлын да күдіктінің балалары соққыға жыққан. Қазіргі таңда үлкен ұлы ауруханаға жатқызылған, ал алты жастағы ұлы кеуде жарақатымен амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Балалардың туыстары болған жағдай бойынша полицияға арыз жазған.

Зардап шеккендерге кімдер қысып көрсетіп жатыр

ZUZU ойын-сауық орталығындағы жанжалдан кейін зардап шеккен отбасының құқықтары тапталып, оларға қысым көрсетіліп жатқаны туралы ақпарат тарады.

Оқиғаның видеосы жарияланғаннан кейін, ойын орталығының иелері бұл жайт олардың беделіне нұқсан келтіріп жатқанын айтып, наразы болған. Зардап шеккен балалардың анасының айтуынша, ZUZU орталығының директоры полиция департаменті басшылығымен сөйлескенін айтқан. Осыдан кейін анасына белгісіз жедел уәкілдер қоңырау шалып, қайда жүргенін негізсіз сұрап, аңдуға кіріскен.

Одан бөлек, жедел уәкілдердің бірі ауруханада жатқан үлкен ұлының палатасына баса-көктеп кіріп, ешқандай қызметтік куәлік көрсетпестен, балаға дөрекілік танытқан. Ол жасөспірім екенін біле тұра, оған қысым көрсетіп, камера қосылмай тұрып «Мен осы жерде кезекшімін, түнде саған не істей алатынымды білесің бе?» деп қорқытқан. Ауруханада жатқан жігіт  тағы да әлдекімдер келіп, қысым жасай ма деп қорқады.

21 маусым күні отбасы алты жастағы балаға жасалған соққы бойынша полицияға арыз жазбақ болған. Алайда осы іспен айналысып жатқан жедел уәкіл арызды қабылдаудан түбегейлі бас тартқан. Анасы бұл әрекетке шағымданатынын айтқаннан кейін, әлгі уәкіл әйелді аңдуын жалғастырып, оған қоңырау шала бастаған.

Кейін жедел уәкіл ауруханада кезекшілік атқарып жатқан өз әріптесіне қоңырау шалып, зардап шеккен жігіттің палатасына барып, оны жасырын фотоға түсіруін сұраған. Одан бөлек, жедел уәкілдер палатаға кіріп келіп, дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің қатысуынсыз, рұқсатсыз баланы камераға түсіре бастаған. Олар оны түрлі сұрақтармен қыспаққа алып, «Кімге арыз жаздың?», «Не үшін арыз жаздың?», «Арызды қайтарып ал!» деген сияқты қорқыту сипатындағы сөздер айтқан. Олардың әрекеттерінің бір бөлігі видеоға жазылып қалған.