Тұлпар күні: Қазақстанда жаңа мереке пайда болуы мүмкін

Қазақстанда ұлттық мейрамдар қатары тағы бір мерекемен толығуы мүмкін. Премьер-Министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының елімізде «Тұлпар күні» арнайы мерекесін бекітуге қатысты ұсынысына жауап берді.
Үкімет басшысы Қазақстанда маусым айының екінші жексенбісі Малшылар күні ретінде кәсіби мереке болып белгіленгенін еске салып, оның мал шаруашылығы саласының барлық қызметкерлерін, оның ішінде жылқышыларды да қамтитынын алға тартты.
«Ағымдағы жылы осы мереке аясында саланың шамамен 200 қызметкері, оның ішінде жылқы шаруашылығының 30 маманы марапатталды. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешіміне сәйкес 11 шілде күні ұйымға мүше мемлекеттерде Дүниежүзілік жылқы күні атап өтіледі. Осыған байланысты «Тұлпар күні» арнайы ұлттық мерекесін белгілеу мәселесі қосымша пысықталатын болады«, –деді Олжас Бектенов.
Олжас Бектеновтың депутаттарға берген жауабындағы деректерге сенсек, елімізде жылқы саны саны 4,4 млн басқа жеткен, бұл 1991 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары.
Еске салайық, бұдан бөлек Қазақстанда бірден алты жаңа кәсіби мерекені енгізу жоспарланып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұрын елеусіз қалып келген мыңдаған адамның еңбегін ресми түрде мойындауды ұсынды.