«10 мың бала айналысады»: Елімізде тенниспен шұғылдануға жағдай жасалған ба?

Жарияланды
Елімізде тенниспен шұғылдануға жағдай жасалған ба? / Фото: Shuttertsock

«Jibek Joly» арнасындағы «Бүгін.Live» бағдарламасына Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев сұхбат берді. Ол еліміздегі теннистің даму әлеуетіне қатысты  сұрақтарға жауап беріп, үздік ойыншылар жайлы пікір білдірді. 

«Биыл Юлия Путинцева жақсы келе жатыр және Зарина Дияс. Зарина екі жыл ойнамаған, жарақат алып. Үзіліс болды, көптеген операция қабылдап өз-өзіне енді келіп жатыр. 270-ракетка болса да Зарина Диястың тәжірибесі мол. Әр нәрсе болуы мүмкін. Қазір Испанияда жеңімпаз болып, өз ұпайларын жинап жатыр. Бірақ рейтингке қарайтын болсақ, бұл жерде әрі қарай динамика болуы мүмкін ғой. Ойыншылар өз ойынын тауып, кейбірде құрама командаға ойнап сенім алуы мүмкін немесе жекелей ойнап сенімсіз болуы мүмкін. Көптеген жас ойыншыларымыз келеді. Бейбіт Шукаев, әрине, біздің дарынды ойыншымыз. Жасөспірім ойыншыларды айта кетейін. Олар – Заңғар Нұрланұлы мен Әмір Омарханов. Қазіргі әлемдік рейтингте юниорладың арасында Омарханов 10-ракетка, Заңғар 30-ракетка. Бұл екі ойыншымыз Азия чемпиондары болған. Біздің құрама команда 14 және 16 жасқа дейін екі рет Әлем чемпионатына шыққан», – деді Диас Досқараев.

Вице-президент тенниспен шұғылдануға қатысты елімізде жасалып жатқан жағдай туралы айтты.

«Соңғы 17 жыл ішінде біздің Қазақстан теннис федерациясының арқасында барлық аймақта жаңа заманауи теннис кешендері салынды. Инфрақұрылым жоғары деңгейде дамып келеді. Бұрын мен ойнағанда елімізде 55-60 корт болған жалпы Қазақстан бойынша.  Қазіргі күнде корттардың саны 392 барлық аймақта. Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарында жаңа корттар саламыз. Сондықтан барлық кешендерде біріншіден тениисті қолжетімді ету, балаларды қызықтыру бойынша бағдарламамыз бар. Біз ҚР-ның Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен жоба дайындап жатырмыз. Біз балабақша мен мектептерге тегін ракетка, доп береміз. Мұғалімдерді оқытамыз, оларға айлығын төлейміз балаларды оқытсын деп»,  – деді ол.

Елімізде қанша бала тенниспен шұғылданатынға қатысты да сауалға жауап берді.

«Негізі бүкіл Қазақстанда 30 мыңнан астам тенниспен шұғылданатын адам бар. Оның ішінде 10 мыңнан астам бала күнделікті жаттығу жасайды. Бізде бағдарлама бар. «Baby теннис», «playing теннис» деген бағдарлама бар. Әр бағдарламаға федерация тарапынан ақша бөлеміз. Бүгінде федерация 200-ден астам теннисшіге 100% төлейді, олар тегін білім алып жатыр, шығындарын өтейміз. Ең дарынды 50 шақты ойыншымыз бар. Алматы, Шымкент және Астанада бар. Әр аймақтарда балабақшадан балаларды орталыққа тартамыз. Біздің мақсатымыз сол. Орталыққа ата-ана балаларды ертіп әкеледі. Біз көреміз соны. Қабілеттерін байқаймыз. Теннис оңай емес. Көптеген қабілет болуы керек: төзім мен жылдамдық. Әрине, оның бәрі екінші мәселе. Баланың ынта-ықыласы болуы керек, жақсы көруі керек», -деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз