«Chia Tai Tianging Pharmaceutical Group» компаниясына қатысты 20 адамға үкім шықты

Жарияланды
Шымкентте сот мектеп директорын 8 жылға соттады
«Chia Tai Tianging Pharmaceutical Group» компаниясына қатысы бар 20 адамға үкім шықты / Фото: Shuttertsock

Түркістан облысы Төлеби аудандық соты «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабымен «Chia Tai Tianging Pharmaceutical Group» компаниясына қатысы бар 20 адамға үкім шығарды. Оларға судья әртүрлі мерзімге жаза тағайындады. Сотталушылардың кейбірі айыпты ішінара мойындаған, қалғаны мойындамаған.

Сотталушылардың үлкені – 65 жаста, кішісі – 24 жаста. Бірі бұрын сотты болған, қалғаны бұрын-соңды істі болмаған. Айыпталушылардың арасында бірнеше мектеп мұғалімі бар. Дәрігер, есепші болып жұмыс істегендер де күдікке ілінген. Дені жұмыссыз жүрген. Сотталушылардың 18-і әйел, 2-еуі ер адам. Ал істе 54 адам жәбірленуші деп тіркелген.

«Абдуллаева Бақтыгүл Абутәліпқызы Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағындағы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баппен азаматтардың ақшалай қаражатын және инвестицияларды тартумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға айыра отырып, оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын» делінген үкімде.

Іске төрағалық еткен судья Ғани Байарыстан іс бойынша бір адамды 7 жылға, 2 адамды 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Олар жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтейтін болды. Қалған 12 адамның бас бостандығы 2 жылға, 5 адамның бас бостандығы 3 жылға шектелді.

Жәбірленушілер соттан шығынды өндіріп беруді сұраған. Алайда шығын мөлшерінің сот тергеуіне анықталмауына байланысты сот бұл шағымды азаматтық тәртіппен қарауға жіберген.

«Жәбірленушілер азаматтық талаптарын қоюды қанағаттандыру құқықтары танылып, оларға талаптарының мөлшерi жөніндегі мәселенi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен соттың қарауына бере алатындары түсіндірілсін» делінген үкімде.

Сотталушылардың кейбірі айыпты ішінара мойындаған, қалғаны мойындамаған. Олардың үкімге апелляциялық шағым түсіретіне, не түсірмейтіні беймәлім.

Сотталушылар «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясы жөнінде үгіт-насихат жасап, одан табыс табу жөнінде жарнама жасады, компания активтерінен табыс алу жөнiндегi қызметті ұйымдастырды немесе қаржылық пирамидаға басшылық етті деген түрлі күдікке ілінген.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың қазан айында Түркістан облысының прокуратурасы 2022-2023 жылдары Төлеби ауданы аумағында орын алған «Chia Tai Tianging Pharmaceutical Group» қаржылық пирамидасының заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты қылмыстық істі сотқа жолдағанын хабарлаған.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен қылмыстық іске 20 тұлғаның қатыстылығы анықталды. Олардың іс-әрекеті салдарынан 279 жәбірленушіге жалпы соммасы 391,7 млн теңге материалдық залал келтірілген» деп жазған еді облыстық прокуратура.

Тергеу барысында күдіктілердің қылмыстық жолмен табылған мүліктеріне тыйым салынған еді.

«Chia Tai Tianging Pharmaceutical Group» компаниясы өзін Қытайда фармацевтикалық препараттар мен медициналық жабдықтарды өндіру және экспорттаумен айналысады деп таныстырғаны ресми хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз