Электромобильдер: ең қуатты, сәнді және бағасы тиімді модельдер

Бүгінгі таңда электромобильдер тек экологияны ойлайтындар үшін емес, жайлылық пен заманауи технологияны бағалайтын кез келген жүргізушіге арналған көлікке айналды. Егер бұрын электрокар сирек кездесетін, қымбат авто саналса, 2025 жылы жағдай түбегейлі өзгерді. Қазір сіз қуатты спорткар, сәнді седан немесе бюджеттік қалалық көліктің де электр нұсқасын таңдай аласыз.
Бұл мақалада Kursiv.media тілшісі 2025 жылғы ең озық, ең стильді және ең бағасы тиімді электромобильдерге шолу жасап, әрқайсысына қысқаша әрі нақты сипаттама берді. Мұндағы көліктер әртүрлі санаттағы тұтынушыларға арналған: жылдамдықты сүйетіндерге де, қалалық жайлылықты іздейтіндерге де, ақша үнемдегісі келетіндерге де таңдау бар.
Ең қуатты модельдер – жылдамдық пен технология үйлесімі
Мәселен, Tesla Model S Plaid. Tesla компаниясы өндіретін бұл флагмандық электроседан АҚШ-та құрастырылады. Қозғалтқышының қуаты – 1020 ат күші, үш электрмоторы бар. Ол жылдамдығын 100 км/сағ дейін небәрі 2,1 секундта арттырады, бұл оны әлемдегі ең жылдам көліктердің біріне айналдырады. Толық зарядпен 600 шақырымға дейін жол жүруге қауқарлы. Салон ішінде автопилот, 17 дюймдік сенсорлы экран және футуристік рөл орнатылған. Бұл көлік жоғары жылдамдық пен технологияны қатар бағалайтын жүргізушілер үшін мінсіз таңдау. Бағасы: 92 000 доллар (шамамен 47,5 млн теңге).
Премиум сегменттегі ең қуатты электроседан
Бұл теңеу – Lucid Air Sapphire-ге қатысты айтылған. Lucid Motors компаниясының осы үлгісі АҚШ-та шығарылатын люкс-классты электрокар саналады. Қуаты – 1234 ат күші, үш моторлы конфигурациясы бар. Жылдамдығын 100 км/сағ дейін 2 секундқа жетпей арттыра алады. Бір зарядпен 687 шақырымға дейін қатынай алады. Бұл көлік салонында тері мен ағаштан жасалған сәнді әрлеу элементтері бар, ал интерьер дизайны толық сандық және заманауи. Lucid Air Sapphire – жай ғана көлік емес, сән мен салтанат үлгісі.
Бағасы: 250 000 доллар (шамамен 129 млн теңге).
Хорватияда шығарылатын әлемдегі ең жылдам электр гиперкары
Хорватияда шығарылатын Rimac Nevera – бұл саны шектеулі гиперкар. Электрмоторының қуаты – 1914 ат күшіне тең. Жылдамдығын 100 км/сағ дейін жеделдеуі – 1,85 секунд. Ол бір зарядпен 550 шақырым жол жүреді. Бұл көлік тек жолда жүру үшін емес, технологиялық шеберліктің шыңы ретінде жасалған. Салоны жоғары сапалы материалдармен әрленген, ал басқару панелі – жарыс көлігіндегідей. Nevera – шынайы коллекционерлер мен технология сүйер қауымға арналған авто. Бағасы: 2 000 000 доллар (шамамен 1,03 млрд теңге).
Ең сәнді модельдер
Оның ішінде, Оңтүстік Кореяда шығарылатын Ioniq 6-ны біріші болып атауға болады. Ол аэродинамикалық дизайны және заманауи технологиясымен көз тартатын электроседан. Қуаты – 225 а.к., толық зарядпен 614 шақырымға дейін жол жүреді. Салонының дизайны жарықтандырылған панельдермен, қос экранмен және экологиялық материалдармен жабдықталған. Көлік қалалық және қалааралық бағытта жүргізуге өте ыңғайлы. Стиль мен үнемділікті қатар қалайтындар үшін жақсы таңдау. Бағасы: 45 000 доллар (шамамен 23,2 млн теңге).
Минимализм мен технология үйлесімі
Volvo-ның экологиялық бағыты саналатын Polestar бренді Швеция мен Қытайда құрастырылады. Polestar 2 – орташа өлшемді электроседан, қуаты 408 а.к.-ке дейін (қос моторлы нұсқасы). Бір толық зарядпен 500 шақырымға дейін жүре алады. Интерьері скандинавиялық минимализм стилінде жасалған, басқару жүйесі Android Auto негізінде жұмыс істейді. Қалалық және қала маңында тізгіндеуге ыңғайлы, сапалы әрі жинақы.
Бағасы: 49 000 доллар (шамамен 25,3 млн теңге).
Электр қуатымен жүретін премиум класс
Германияда жасалатын Audi Q8 e-tron – премиум электрокроссовер. Қуаты – 402 ат күші, бір зарядпен 600 шақырымға дейін жол жүре алады. Салоны кең, терімен және ағашпен әрленген, ал технологиясы – Audi-ге тән максимал цифрландырылған. Матрицалық жарық шамдары, төрт дөңгелекті жетек және тұраққа втоматты қою жүйесі бар. Көп балалы отбасылар мен бизнес-класс жүргізушілерге арналған әмбебап көлік.
Бағасы: 75 000 доллар (шамамен 38,7 млн теңге).
Ең арзан модельдер
Бұл көліктер – бюджеті шектеулі, бірақ электромобиль иесі болғысы келетін жүргізушілерге арналған. Қарапайымдылық, үнемділік және қала ішінде тиімділік – олардың басты артықшылығы.
Ықшам, арзан және заманауи көлік
BYD компаниясы шығаратын Seagull – әлемдегі ең қолжетімді жаңа электромобильдердің бірі. Қуаты – 75 ат күші, бір зарядпен 305–405 шақырым жүре алады. Қала ішінде жүруге арналған ықшам, жеңіл және үнемді көлік. Интерьері қарапайым, бірақ сенсорлы экран және навигация жүйесі бар. Алғаш электрокар алғысы келетіндер үшін немесе күнделікті қысқа сапарларға арналған тамаша шешім. Бағасы: 11 000 доллар (шамамен 5,7 млн теңге).
Еуропадағы ең қолжетімді электромобиль
Еуропа нарығына бағытталған Dacia Spring – ең арзан жаңа электромобильдердің бірі. Қуаты – 45 ат күші, толық зарядпен 230 шақырымға дейін жүреді. Көлемі шағын қала көшелерінде маневр жасауға өте ыңғайлы авто. Интерьері қарапайым, жабдықталуы минималды. Екінші көлік ретінде немесе бюджетке сай экокөлік іздегендерге лайық.
Бағасы: 18 000 еуро (шамамен 9,4 млн теңге).
Көпбалалы отбасыға арналған сенімді электрокар
Chevrolet шығарған Bolt EV – АҚШ-та жасалатын шағын электромобиль. Қуаты – 200 ат күші, жүру қашықтығы – 417 шақырым. Салоны кең, қауіпсіздік жүйелері (автотежегіш, соқтығысуды ескерту) орнатылған. Шағын отбасыларға арналған көлік. Бағасы арзан емес, бірақ сенімді және кең. Бағасы: 27 000 доллар (шамамен 13,9 млн теңге).
Қазақстан электромобильге дайын ба?
2025 жылы Қазақстан электромобиль нарығын қолдау үшін нақты қадамдар жасап жатыр. Утильалымнан босату, алғашқы тіркеу салығын алып тастау, зарядтау инфрақұрылымын дамыту – бұлардың барлығы экокөліктерді халыққа қолжетімді етуге бағытталған. Қазірдің өзінде жолдардан BYD, JAC, Hyundai, тіпті Tesla көліктерін жиі кездестіруге болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік субсидия бағдарламалары әзірленуде. Мұнда тек зарядтау инфрақұрылымының болмауы және ескі көліктерді утилизациялау басты мәселе. Әзірге бұл сұрақтардың шешімі белгісіз. Сондықтан қазақстандықтар көп ұзамай электромобильдерге көше бастайды деуге әлі ерте.
Еске сала кетсек, бұған дейін биыл АҚШ-тағы ең арзан, бірақ сапалы көліктер туралы жазған едік.