
Астанада бәзбіреулер LRT-ның жаңа вагондарына граффити салып кеткен. Ақпаратты City Transportation Systems компаниясы растады.
«Вагондардың сыртқы бетіне граффити салу фактісі тіркелді. Ақпарат құқық қорғау органдарына берілді. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп мәлімдеді компания.
Вагондарда бояу сіңіп кетпеуі үшін арнайы қабат бар. Ол граффитиді өшіруге мүмкіндік береді.
«Бояуды кетіру жұмыстары басталды», – деп хабарлады CTS.
Айта кетейік, бұған дейін Сity Transportation Systems компаниясы №101 бекетте екі вагоннан тұратын жеңіл рельсті көлік құрамын көтеру сәтті жүзеге асқанын хабарлады.
Екінші вагон қаладағы Abu Dhabi Plaza бизнес-орталығы маңында орналасқан №112 станциядағы рельске қойылды.