Жаңалықтар

Қазақстандық математик ҰБТ-дан 140 балл жинаған оқушыға автокөлік сыйлады

ҰБТ-дан 140 балл жинаған оқушыға Zeekr автокөлігін сыйлады/фото: Zerdeli PR бөлімі

«Зерделі» мектептерінің негізін қалаушы, математик Ырысбек Мәуіт ҰБТ-дан 140 балл жинаған оқушы Жанайым Рашитке Zeekr автокөлігін сыйлады.

«Зерделі» білім беру орталығы тағы бір жетістікке қол жеткізді. Орталықтың үздік оқушыларының бірі Жанайым Рашит Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары 140 балл жинап, еліміздің үздік түлектерінің қатарынан көрінді», – делінген ақпаратта.

Ырысбек Мәуіт Жанайым Рашиттің «Зерделі» мектептерінде оқығанын, білім ошағындағы басқа түлектерге де мотивация болсын деген ниетпен осындай сый жасағанын айтты.

«Ақжолтай хабарды ести сала, Жанайыммен бірге көлік таңдауға кірістік. Білім ошағындағы басқа түлектерге де мотивация болсын деген ниетпен шәкіртіме Zeekr көлігінің кілтін табыстадым.

Бұл «Зерделі» білім беру орталығы үшін де, ересек өмірге қадам басып жатқан түлек үшін де зор жетістік. Тынымсыз дайындық пен табандылықтың нәтижесін көрсеткен Жанайымның жолы әрдайым ашық болсын деп тілеймін», – деді Ырысбек Мәуіт.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы Ордабасы ауданының мектебінің түлегі Жәнібек Әбілхан ҰБТ-да 140 балл жинады.