Иран ядролық нысандарына АҚШ шабуылынан үлкен зақым келгенін хабарлады

Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Эсмаил Бағаи телесұхбат барысында Израиль мен АҚШ тарапынан жасалған шабуылдан Иранның ядролық нысандарына үлкен зақым келгенін айтты, деп жазды СNN.
«Біздің ядролық нысандарымызға қатты зақым келді, бұл – шындық, себебі олар бірнеше мәрте Израиль мен АҚШ-тың агрессиялық шабуылдарына ұшырады», – деген Бағаи «Аль-Джазираға» берген сұхбатында.
Оның айтуынша, елдің ядролық ұйымдары мен агенттіктері Иранның ядролық нысандарына техникалық баға берумен айналысып жатыр.
Бұған дейін ирандық ресми тұлғалар мен мемлекеттік БАҚ елдің ядролық бағдарламасына келген шығынды азайтып көрсеткен еді.
АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні өзі бұйрық берген Иран ядролық нысандарына жасалған соққылар «толық жойылуға» себеп болды деп мәлімдеген. Алайда бастапқы барлау деректері шабуыл Тегеранның ядролық бағдарламасын тек бірнеше айға кейінге шегергенін көрсеткен.
БАҚ-тағы жарияланымдарды сынаған Трамп, «бұл соққылар Иранның ядролық ұмтылысын ондаған жыл артқа шегерді» дегенді қайталаған.
АҚШ президенті барлау деректері «нақты емес» әрі алдын ала екенін айтып, жақын арада Израиль өз мәліметтері арқылы толық суретті ұсынуы мүмкін екенін атап өтті.
Ал Израильдің Атом энергиясы жөніндегі комиссиясы сәрсенбі күні АҚШ-тың Фордо ядролық нысанына жасаған соққысы «нысанның аса маңызды инфрақұрылымын қиратқанын және оны байыту жұмыстары үшін жарамсыз еткенін» мәлімдеген.
Ядролық қару бойынша БҰҰ бақылаушысы – Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) 12 күнге созылған қақтығыс Иранның бірнеше ядролық нысандарына «елеулі зақым келтіргенін» хабарлаған.
Бағаи «Аль-Джазираға» берген сұхбатында Иран парламенті МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдағанын, алайда Иран Ядролық қаруды таратпау туралы шарттағы (ЯҚТШ) мүшелігін тоқтату жөнінде шешім қабылдамағанын айтты. Бұл келісім ядролық қарудың әлемге таралуын болдырмауға және бейбіт мақсатта ядролық технологияны пайдалануға бағытталған.