АҚШ Иранның ядролық нысандарын жоя алмаған – барлау дерегі

АҚШ барлау қызметінің алдын ала бағалауы бойынша, өткен демалыс күндері Иранға жасалған соққылар елдің ядролық инфрақұрылымын толық жоймаған. Бұл туралы Пентагонның барлау агенттігі (DIA) хабарлады, деп жазады CNN.
«Соққылар тек Иранның ядролық бағдарламасын бірнеше айға кейінге шегеруі мүмкін», – делінген есепте.
Басылым АҚШ президенті Дональд Трамп пен қорғаныс министрі Пит Хегсет соққылар «нысандарды толық жойды» дегенімен, барлау деректері оған сәйкес келмейтінін атап өткен.
Ақпарат көздерінің айтуынша, Иранда байытылған уран қоры сақталып қалған, ал центрифугаларға айтарлықтай зиян келмеген. Кейбір дереккөздер уран соққыға дейін қауіпсіз орынға көшірілгенін мәлімдеді.
АҚШ-тың B-2 бомбалаушы ұшақтары Фордоу мен Натанз ядролық объектілеріне бірнеше бомба тастағанымен, олардың жер асты бөліктерін толық жоя алмаған. Көбіне жер үстіндегі инфрақұрылым зардап шеккен. Израиль тарапы да соққы әсері күткеннен әлсіз болғанын растаған.
Трамп бұл «тарихтағы ең табысты әскери соққы» екенін айтып, ядролық объектілер «толық жойылды» деп мәлімдеген. Алайда кейбір ресми тұлғалар, оның ішінде Республикалық конгрессмен Майкл Маккол, соққылар бағдарламаны тек уақытша кідірткенін айтқан.
Ядролық қару бойынша сарапшы Джеффри Льюис те, Фордоу, Исфахан және Парчин сияқты терең жерасты объектілері жойылмағанын растаған. Сонымен қатар, Иранда әлі де анықталмаған жасырын ядролық объектілер болуы мүмкін деген пікір бар.
Ақ үй DIA есебін жоққа шығарып, ақпаратты «президентті қаралау әрекеті» деп бағалаған.
Өткен жексенбіде АҚШ Ирандағы үш ядролық нысанға соққы жасаған. Алайда Иран АҚШ шабуылынан кейін де, ядролық өнеркәсіпті тоқтатпайтынын мәлімдеген. Артынша Иран АҚШ-тың Сириядағы, Ирак пен Катардағы әскери базасына шабуыл жасаған.
24 маусымда Трамп Израиль мен Иран арасындағы атыс тоқтайтынын мәлімдеген. Артынша, Иран Израильмен атысты тоқтату режимі күшіне енгенін хабарлады. Алайда Трамптың тыйымына қарамастан Израиль Иранға шабуыл жасаған.
Айта кетиейік, Израиль-иран жанжалы 13 маусым күні таңертең Израиль Иран аумағындағы ядролық және әскери нысандарға соққы жасағаннан кейін басталған.. Бұған жауап ретінде Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді. Осыдан кейін қос тарап бір-біріне соққы жасауды жалғастырып, қақтығыс 12 күнге созылды.